Сайрам соғысының сардарлары

Опубликовано: 28.10.2018

Тілеу , Жолдыаяқ батырларға Шымкентте ескерткіш орнатылды

Атақты жазушы Мұхтар Мағауиннің « Аласапыран » роман дилогиясындағы мына бір эпизод көптің көңілінде жүрген сұраққа ортақ жауап бергендей көрінеді .

Ұзын - ырғасы мынадай . Оразмұхамед сұлтанның ауылы көшіп келе жатып түнемелге тоқтайды . Кешқұрым сол маңдағы батырдың ауылы ерулікке шақырған . Нөкерлерімен барады . Қоңторғай ауыл . Пәленше батыр деп қолпаштаған егделеу кісіде екі иығына екі кісі мінгендей сықпыт жоқ . Сөзі ширақ болғанымен , томашадай адам .

Оразмұхамед сұлтанның көңілі толмай отырғанын байқаған үй иесі өз кебін баяндайды. Құрыш білек жігіттер үлкен қолға қосылып, жоңғарлармен соғысуға кеткен. Тұтқиылдан жаудың шолғыншылары ауыл үстінен түседі. Қару ұстар азаматы көзге көрінбейтін, көпшілігі кемпір шал, жас бала, келін-кепшік.

Жоңғар жау ғой десе де олар да азамат. Қорғансыз ауылды қынадай қырып тастауға арлары жібермейді. Қылыш көтере алар бірің жекпе-жекке шығып жеңсеңдер жандарың қалады дейді.

Жоңғарлардың қорлағанына шыдай алмай әрі намыс өлтіріп осы кісі шыққан. Құдай абырой бергенде жау батырын атынан сайып түсіреді. Бір ауылды қанды қасаптан алып қалады. Алқалаған елі батыр атандырған. Бары осы.

Бүгінде атқа отырып, жауға қылыш көтермек түгілі мылтық кезеген біреу болса әйелінің көйлегінің ішіне сүңгіп кетуден тайынбайтындар «Қазақта екінің бірі батыр. Олар өзі қайдан шыққан» деп келемеждегісі келеді.

Қазақ – текті халық. Мыңға жалғыз шабатын жампозы батыр атағын ешкімнен сұрап алған жоқ. Еуропаның мақтаулы мемлекеттерінің әлденешеуі сыйып кететін қазақтың ұлан-ғайыр даласын сауғаға ешкім берген жоқ. Алла пешенесіне жазды. Қазақ батырларының арқасында қызыл қасапқа түсіп жүріп сақтап қалды. Бір пұшпағын да жау қолына ұстатқан жоқ. Қорғансыздықтан, күші шамалы соққанда берді, бірлігі жарасқанда тартып алды.

Алмас қылыш жігіттері қалың қолмен қидаласып жүргенде ауыл-ауылдың абыройын әлгіндей томашадай қарттары, ержүрек қыздары сақтап қалды. Қазақта батыр көптің бір себебі осы.Ал біз әңгімелегелі отырған Тілеу Айт­ұлы мен ұлы Жолдыаяқтың жөні тіптен бөлек. Елдік пен ездік сынға түскен, қазақ­тың бұл ғаламда қалу-қалмауы сын без­беніне тартылған, кейінгі соғыстардың ең үлкен ауыртпалығын көтеріп алған, табаны күректей төрт жылға созылған Сайрам соғысы қазақ тарихының ең қатпарлы кезеңі еді.

Сонау Ақтөбе өңірінен Сайрамға 17 мың сарбаз бастап келген Тілеу батыр жай­лы айтпас бұрын тарихқа сәл шегініс жасауға тура келеді.

Мұрағатта күн-түн отырып, көз майын тауысқан, әр сөйлеміне асқан жауап­кершілікпен қарайтын Мұхтар Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесінде» Сай­рам соғысының маңызы жан-жақты нақты­лан­ған.

«1645 жылы туған, Тибетте тәрбие алып, жиырма бес жасына дейін діни қызмет атқарған Ғалдан-Бошықты билікке жеткен алғашқы күндерінен бастап-ақ бүкіл ойрат-халха жұртын ұйыстырған. Ұлы Моңғол мемлекетін қалпына келтіру жолында күрес ашады. Әуелі Жоңғардың өз ішін тыныштандырады. Жақын-жегжатқа бас игізіп, әкесінің інісі Шоқыр-Үбашыны биліктен тайдырады. Соңғы қырық жыл бойы Ойрат ұлысындағы бар бүліктің мұрындығы болған Өшірті-Шешен ханның ұлысын шабады, өзін өлтіріп, тұқымын қырып-жойып, ел-жұртын басып алады. Сөйтіп, бүкіл Жоңғарды дәрегейіне келтіреді. Қытаймен елші алмасады, Ресеймен арада тыныштық орнатып, алыс-беріс, сауда ісін ұйымдастырады. Әкесі Батұр қонтайшы қалыптастырған «Дала заңын» жаңғыртып, толықтырады. Ойрат әскерін от қарумен жарақтау ісін жүйелі түрде жолға қояды.

Бүкіл Жоңғар жұртын уысына түсірген Ғалдан-Бошықты хан 1678-1679 жылдары Шығыс Түркістанды бағындырады… 1681 тауық жылы қазақ пен қалмақ арасындағы екі жүз жылдық соғыстың жаңа кезеңі басталады… Қалмақтардың 1681 жылғы әуелгі жорығының өзі-ақ Ойрат ұлысының айрықша қуатқа жеткенін, Қазақ Ордасының үлкен қатер алдында тұрғанын әйгілейді. Бұл жорықта Ғалдан-Бошықты ханның өзі бастаған қалмақтар жолындағының бәрін жапырып, бүкіл Жетісуды көктей өтіп, Шудан, Таластан асып, Арысқа жетеді, қазақтың қалың ортасындағы Сайрам қама­лын қоршайды… Тас құрсауға түссе де қамалы берік Сайрам құламайды. Ғалдан-Бошықты қысқа қарай кейін шегініп, жазды Іленің жағасынан тосады, күш жинап, шешуші ұрысқа әзірленеді.

Келесі ит жылы тағы да тынымсыз, тепе-тең күрес үстінде өтеді, 1683 доңыз жылғы соғыстар да Сайрамның түбінде болады.

Ақыры, 1684 жылы жазда Қалданның інісі, Батұр қонтажының немересі Сыбан Раптан Сайрамды басып алады. Қаланы қиратып, халқын қырып-жойып, Қазақ Ордасының ұйықты жұртын ойрандап, мың сан тұтқын, қисапсыз олжамен Жоңғарға оралады.

1680 жылы Салқам Жәңгірдің ұлы әз Тәуке хан сайлағанда Тілеу батыр да ұлықтау рәсіміне қатысқан екен.

Тәуке таққа отырғаннан бір жылдан кейін қалмақ ханы Ғалдан-Бошалақты қазақ жеріне басып кірген. Қазақтың ұлан-ғайыр даласы өзіне сор болған заман.

Екі жақтағы екі ұлы империя Ресей мен Қытай билеушілерінің көңіліне алалық кірген. Тұрақты әскері жоқ мамыражай жат­қан қазаққа бес қаруын төсекке бас қой­ғанда ғана бойынан сыпыратын жоңғардың қолтығына су бүркіп айдап салады. Екі жақтап зеңбірек беріп, мылтық беріп, ұрыс өнеріне үйретеді. Мұздай қаруланған жоңғар әскері жолындағыны қоғадай жапырып келе жатқан соң әз Тәуке батыстағы қандастарына жаушы аттандырады. Қазақтың ырыс-ынтымағының беріктігі сол, Тілеу батыр қасына інісі Қалдыбай мен баласы Жолдыаяқты ертіп, 17 мың сарбазбен Түркістанға келеді.

Тәукенің алдынан өткен соң Сайрам­дағы сұрапыл соғысқа аттанады. Қазақ ордасының алтын діңгегінің бірі болған Сайрамдағы төрт жылға созылған соғыс жеңіліске ұшырағанымен мейманасы тасып келген жоңғарды қалжыратып, қайтадан күш жинау үшін еліне қайтарады.

Қазақ астанасы Түркістанды осы жолы басып алып, қалың елді қайқы қылыш астында ұстауына мүмкіндік бермейді. Сайрам соғысы қазақ әскерінің топтасуына, батырларының ұйысуына, хан әмірін екі етпей уақыттан ұтуына септеседі.

Міне, Тілеу батыр он жеті мың сарбазымен елінің азаттығы үшін қырқысқан Сайрам соғысының маңызы.Тілеу батыр туралы зерттеу еңбектер жазған ғалым Жұманазар Асан бауырымыз ел аузынан жинаған дерегіне сүйенсек, он жеті мың әскердің тыңнан қосылуы қазақ әскерінің жауынгерлік рухын көтерген.

Сайрам түбіндегі үш жылға созылған текетірес соғыста шебер қолбасы Тілеудің абыройы артып, атақ-даңқы жауына үрей тудырады. Дүрбіт-ойрат Қара Тілеуден көп зәбір шегіп, талай рет маңдайлары тасқа тіреледі. Атағы жер жарған талай батырлары басын осы жерде алдырады. Бірақ, қалмақтар көп еді, қарулары сай еді, ақыры бір тең емес жойқын ұрыста Тілеу атамыздың қасиетті қаны ат жалынан асып, қара жерге төгіледі. Суық хабар тиген соң ортада ұрыс салып жүрген Қал­дыбай мен Жолдыаяқ қатар ұмтылады. Бұлар жолындағыны ығыстырып жетемін дегенше, қалмақтар сүйекке иеленіп, шеп құрады. Шежірешілердің айтуынша, әулие атамыз елден шыққан соң, інісі Қалдыбайды оңашалап: «Мен осы сапардан қайтпаспын, өз қолыңнан қоярсың» деген екен. Аға алдындағы борышына адал Қалдыбай басын бәйгеге тігіп, топқа түседі. Бірге ұмтылған Жолдыаяққа: «Ту сыртымнан ешкімді жіберме» дейді. Қа­рымы қатты Қалдыбай алмас қылышпен алдындағы жауды жапырып отырады да, Жолдыаяқ ту сыртынан дұшпан дарытпайды. Жан беріп, жан алысқан арпалыста ағайынды қос арыс жау қолындағы Тілеудің сүйегін алып шығады. Бөрте жор­ғаның үстіндегі Қалдыбай ағасының мәйітін алдына өңгеріп кейін салады. Қал­дыбайдың қолы байланғанын көрген қалмақтар тез ес жиып, қайта қоршайды. Қалдыбай бос емес, әрі атта екі адам, ен­дігі ауыр салмақ Жолдыаяққа түседі. Сонда сабына қорғасын құйып тастаған, өзінен басқа ешкім көтере алмайтын көк найзаны ұршықша үйіріп, жай оғындай жалтылдатқан Жолдыаяқ оң келгенін оң шаншып, сол келгенін сол шаншып, қоршауды бұзып жол салады. Әлденеше жерден жараланғанына, өлген-тірілгеніне қарамай, әкесінің сүйегін алып шығады. Қазақ сарбаздары Жолдыаяқтың жанкешті ерлігіне қайран қалады. Бірақ, есіл ер ауыр жарақаттың әсерінен ұзамай-ақ достары ортасында фәниден бақиға өтеді. Шәйіт. Тілеу ірі кісі екен. Қалдыбай да олқы болмаса керек, жиналғандар: «Сұңқардың сүйегін тұлпар көтереді деген осы екен-ай» деп, Бөрте жорғаға да таңданыпты.

Бұл 1684 жылдың жазы еді, яғни Сыбан Раптан Сайрамды алатын жаз. Асыл текті Тілеу ұлтының болашағы жолында шәйіт болды. Жаумен жағаласып жатқан қалың қарындас кеңесе келе, өздерінің дана қолбасысын, оның жаужүрек ұлын Тәуекел баһадүр хан, Салқам Жәңгір жатқан қасиетті Қожа Ахмет Ясауи кесенесі іргесіне жерлеуге шешім шығарады. Сонда сүйекті Қалдыбай қара нарына теңдеген екен, Жолдыаяқ жағы басып кете беріп, қапқа құм салып теңдестіріпті дейді Тілеудің қандай кесенеге жерленгенін ғана емес, қандай көлікпен қайтып апарылғанына дейін білетін қазақтың кітап орнына жүретін шежірешілері айтқан кеп осы.

Бүгінгі күні ойға қалсақ, атамыз тегіннен тегін қан төкпеген екен. Тәңірінің назарынан тыс қалмапты: ұрпағын өсіріп, атын руға шығарыпты. Қазір Тілеу деген ру күллі Қазақстанға белгілі. Тілеу руынан батыр да шықты, ғалым да шықты, Тахауи Ахтановтай әйгілі жазушы мен белгілі саясаткерлер өрбіді. Бәрін тізбей, бүгінгі күннің белгілі саясаткері Марат Тәжинді атасақ та жеткілікті. Ғалым Жұманазар Асан ойын осылай түйіндейді.

Оңтүстіктегі қалың қазақтың мылтық оғы мен зеңбірек зіркілінің астында қыры­лып кетпеуін ойлап, екі мың шақырым қашықтан 17 мың сарбаз әкелген Тілеу батыр­дың заманынан озып тұрған тұлға екендігі ақиқат.

Түркістан қаласында 2000 жылы тамыз айында өткен ғылыми-танымдық конференцияда Ұлттық ғылым академиясынын президенті, академик Мұрат Жұрынов өзінің сөзінде: Қалмақтар Жетісудан бас­тап көзіне көрінгенді қырып-жоя отырып. Сайрам қаласына тірелді. Осы тұста қазақ даласының батысынан 17 мың қол бастап келген Тілеу бабамыз сіз-біз деп бөлінбей, елдің болашағы үшін соғыста шейіт болды. Егер осы бабаларымыз болмаса, олар елді қасық қанын аямай қорғамаса, қазақ халқынын болашағы не болар еді? Тілеу батыр осы уақытқа дейін неге дұрыс бағасын алмай келген? Қазақ хандығының алғашқы іргетасы қаланып жатқан кездегі ұлы шайқаста ерлік көрсетіп қаза болған қазақтың ең бірінші батыры кім дегенде мен осы Тілеу батырдың атын атау керек дер едім. Өйткені, қалмақтардың қолында Сайрам кетсе, Түркістан кетсе, қазақ елі не болар еді? Иранға, парсы еліне сіңіп кетер ме еді, кім білген?! Қазақтың жеке-дара хандық құрып халық болып отыруына, ерліктің, елдіктің туын көкке көтеріп жеңіске жетуіне, ұрпақтарының бүгінгі күнге аман жетуіне Тілеу бабамыздың қосқан жанкешті ерлігі орасан. Қазақ елін қорғау үшін өз өмірін құрбан еткен бабалар­дың ерлігін әділдікпен бағалай білейік» деген еді.

Әрине, Тілеу Айтұлының қазақтың ең бірінші батыры атануы үшін атқа қонба­ғаны анық. Оны тыныш отырған жерінен жұлып алған ұлы күш-елінің өзгеге бодан болмауы, қаны бір қандастың амандығы, қазақтың салқар даласының жау уысында кетпеуі дер едік.

Қазақ «қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді» дейді. Тілеу батырдың ұлтының садағасы болғандығын осыдан ұққайсыз.

Тілеу Айтұлы мен баласы Жолдыаяқтың әз сүйегі киелі Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленгенін жоғарыда айттық.

Сайрам соғысының сардары, қазақ тағдырына өлшеусіз еңбек сіңірген әкелі-балалы батырлардың ерлігі халық есінде мәңгі жасау үшін ел ағалары Шымкент шаһарында ескерткіш орнату үшін бастама көтерген болатын. Қазақтың қадірлі қарттарының бірі, жасы тоқсанға жетсе де елді ұйыстыруға еңбек етіп жүрген Құ­дайберген Оңғаров бастаған бір топ зиялы қауымның ұсынысын облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов қолдаған.

Мүсінші Әбдікерім Ахметов сомдаған әкелі-балалы батырдың ескерткіші Шым­кенттегі ең көрікті жерлердің бірі, Қажы­мұқан атындағы орталық стадионның аумағында орналасқан. Тайпалған қос салт аттылының бірі Тілеу батырдың қолын­да күнге жарқыраған шашақты найза, Жолдыаяқтың қолында опыра ұратын гүрзі. Сонау Батыстан байрағы желкілдеп 17 мың қолмен келіп, жоңғарға ойран салған қос батырға ғана емес, қазақ елінің амандығы, жерінің тұтастығы үшін шейіт болған 11 мың сарбазға да орнатылған ескерткіш еді бұл. Олар – тәуелсіздік үшін, өзгеге бодан болмас үшін жан аямай қидаласты, мұны жас ұрпақ біліп өсіп, тәрбие алуы, бабалар аманатына лайық болуы керек.

Ескерткішті ашарда құттықтау сөз сөйлеген Оңтүстік Қазақстан облыстық мәсли­хатының хатшысы Құдайберген Ержан мен облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қаныбеков айтқан сөздің түйіні осы.

Бұдан кейінгі сөз мемлекет және қоғам қайраткері көрнекті ғалым Мырзатай Жолдасбековке берілді.

2010 жылы Кәмейдулла Төлеубайұлы ақсақал маған ақтөбелік он бес ардагердің хатын тапсырып тұрып:

– Мырзеке, Тілеу батыр атаусыз қалып барады, ел ағасысыз ғой, осы мәселені көтер­сеңіз деген тілекпен келіп тұрмын, – деген еді.

Тілеу батыр баласы Жолдыаяқ екеуі сонша жерден – Ақтөбеден он жеті мың қолмен келіп, Сайрам соғысында ересен ерлік көрсетеді. Сол шайқаста он жеті мыңның он бір мыңы шейіт болып, Тілеу батырдың өзі де, баласы Жолдыаяқ та ерлікпен қаза табады. Тілеу батыр баласы екеуі Түркістанға жерленеді. Осы жайында «Егемен Қазақстан» газетіне «Есімі ұрпа­ғына ұран болған» деген мақала жария­лап, ол кісіге ескерткіш орнатуды ұсынған едім.

Батырға ескерткіш қазанның бірі күні Ақтөбеде ашылды. Міне, бүгін баласы Жолдыаяқ екеуіне ескерткіш Шымкентте ашылып отыр. Батырдың ұрпақтарына, ылғи осындай елдіктің, игілікті істің басында жүретін, асылдарымыздың рухын асқақтатып, аруағына ас беріп жүрген Бекет Тұрғараев інімізге алғыс айтқым келеді.

Ардақты ағайын!

Теңдесі жоқ ерліктің символындай бұл ескерткіш елге керек, келешек ұрпаққа керек, қазақтың ынтымақ-бірлігі үшін керек.

Ит арқасы қияннан, сонша жерден Тілеу батыр Сайрамға салақтап, салтанат іздеп келген жоқ, басын бәйгеге тігіп, қазақтың қасиетті жерін қорғау үшін келді.

Бұл ескерткіш – қазақтың бөлінбей­тіндігінің, халқымыздың қаһармандығы мен бірлігінің куәсі.

Сансыз қырғында бөлінбеген қазақты енді ешкім бөле алмайды. Қазақ ешқашан бөлін­бейді. Өйткені, қазақтың бірі – жиен, бірі – на­ғашы; бірі – іні, бірі – қарындас; бірі – күйеу, бірі – келін; бірі – құда-жег­жат. Қа­зақ сұраса келе қарын бөле болып шығады.

Бабалардан байтақ өнеге, терең өсиет, асыл аманат қалды. Сол өсиетке де, ама­натқа да адал болуымыз керек.

Республикалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы, қазақ ғылымында өзіндік ор­ны бар, еліміздің сөзін ұстап жүрген жай­саңда­рымыздың бірі Өмірзақ Озғанбай да есті жан ұғарлықтай, өнегесінен тағылым аларлықтай ой айтты.

Оңтүстіктегі «Тілеу батыр» қоғам­дық қо­рының төрағасы, медицина ғы­лым­дарының докторы, профессор Иман­әлі Байдаулетов халқымызда «ерлік-елге мұра, ұрпаққа ұран» деген аталы сөз бар. Осындай батыр бабаларымыздың арқасында қазақтың ұлан­ғайыр даласы аман қалды.

Сонау Батыстан Сайрамға қалың қол келуі – қазақтың бірлігі, ынтымағының айғағы. Біз тарихтың ащы сабағынан тағылым алып біртұтас болсақ елді жақсылыққа бастап келе жатқан Елбасымыздың жанынан табылсақ, алаш баласының көсегесі көгере береді дей келе ел игілігі үшін атқарылып жатқан ортақ шаруаға үлкен қолдау көрсеткені үшін облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов пен Шымкент қаласының әкімі Ғабидулла Әбдірахимовқа ел атынан алғыс айтқан.

Оңтүстіктегі салтанатты жиынға арнайы келген ақтөбелік ағайынға ақтілеу білдірді.

Әкелі-балалы қос батырдың ескерткішін Мемлекет қайраткерлері Мырзатай Жол­дасбеков, Зақаш Камалиденов және Сұлтан Сартаев ашты.

– Ілияс Жансүгіровтің «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, Ел тегі қайдан ал­сын кемеңгерді» деп айтқаны бар. Қа­зақ хан­дығының 550 жылдығы аясында «Шекті Тілеу батыр» атындағы қоғамдық қорын құрып, осы ескерткішті орнаттық. «Тұғырын ұлылар өзі қояды, ескерткішін халқы қояды» деп бекер айтылмаған ғой. «Ұлыларды ұлықтау – ұрпақ парызы» десек, біз сол парызды өтеп отырмыз. Қазақ хандығының 550 жылдығы қатар­дағы мереке емес, тарихымызды та­нып-білуге жасалған мол мүмкіндік, – дейді ескерткішті орнатуда ұйытқы болған қоғам қайраткері Бекет Тұрғараев.

Ескерткіш орнатуда және ас беруде ағайынды Қаныбековтердің үлкен үлес қосқандығы айтылды.Қиын-қыстау күн туғанда қазақтың бір үйдің баласы, бір қолдың саласындай болатынын әкелі-балалы батыр көрсетті. Қазақ біріксе ұпайын ешкімге жегізбейді, мемлекет кемелденеді. Кәрі тарих ұқтырған ақиқат осы.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан».

Оңтүстік Қазақстан облысы.

rss