Ф.ғ. к., доцент, ЕҰУ профессоры бақ функциясын заңдастыру – Қазіргі қазақстан журналистикасының басты мәселесі кеңес дәуірінде ксро бұқаралық ақпарат құралдарының қызметі Коммунистік партиясының көсемі В

Опубликовано: 03.11.2018

Сақ Қайрат Өмірбайұлы.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

ф.ғ.к., доцент, ЕҰУ профессоры

БАҚ ФУНКЦИЯСЫН ЗАҢДАСТЫРУ – ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚСТАН ЖУРНАЛИСТИКАСЫНЫҢ БАСТЫ МӘСЕЛЕСІ

Кеңес дәуірінде КСРО бұқаралық ақпарат құралдарының қызметі Коммунистік партиясының көсемі В.И.Лениннің «журналист – коллективті үгітші, коллективті насихатшы және коллективті ұйымдастырушы» деген ілімінен таратылып, бүкіл билікті уысында ұстаған компартияның сойылын соғып келді. Соның салдарынан партия ұйымының органы болуға міндеттелген БАҚ шындықтың жаршысы , халықтың жанашыры бола алмады. Оған көптеп дәлел келтіру қиын емес.

1929-1933 жылдар аралығында компартияның солақай саясаты салдарынан болған нәубәт – ашаршылықта халқымыздың жартысына жуығы қырылды. Бірақ, оны сол кездегі газет-журнал қызметкерлері ашық жаза алмады. Керісінше жұртты жаппай ашаршылыққа душар еткен орталықтың солақай саясаты – ұжымдастыру науқаны әсіре насихатталумен болды. Мұрағаттарда сақталған газет тігінділерін ақтарсаңыз, соған көзіңіз анық жетеді. 1937 жылғы саяси қуғын-сүргін зұлматы кезінде де дәл солай болды. Тіпті күні кеше көз алдымызда өткен 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі де «қайта құру», «жариялылық» лебі есіп тұрған кездің өзінде бұқаралық ақпарат құралдары бетінде қалай көрініс тапқаны жадымыздан шыға қойған жоқ. Орталықтың шовинистік саясатын айыптап алаңға шыққан жастарды партияның тапсырмасы бойынша БАҚ-та маскүнем, нашақор, ұлтшыл етіп көрсету жаппай етек алды. Коммунистік партия басшыларының солақай саясатын айыптау орнына БАҚ жастарды қырғынға ұшыратқан партия шешімін насихаттаумен, жүзеге асыруды ұйымдастырумен әуре болды. Бұл үшін, әрине, журналистерді кінәлау қиын. Олар сол заман талабына орай кәсіби міндеттерін адал орындады. Партия шешімін талқылауға сол партияның органы болып табылатын бұқаралық ақпарат құралдарына қатаң тыйым салынғандықтан, тапсырманы бұлжытпай орындап , үгіт-насихат және ұйымдастыру жұмыстарымен айналысты. Кеңес дәуірі журналистерінің кәсіби міндеті сонымен шектелді.

Қазақстан Тәуелсіздігін алғаннан бергі уақытта еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарының қызметі түбірімен өзгерді. Ең алдымен , бір партияның қолшоқпары болудан босатылды. БАҚ-қа меншіктің алуан түрлілігі қамтамасыз етілді. Ата заңымыз – Қазақстан Конституциясында сөз және баспасөз бостандығына кепілдік берілді. Цензураға тыйым салынды. Қысқасы, демократиялық бағыт үрдіс алды.

Дей тұрсақ та, ел журналистикасының әлі шешімін таппаған мәселелері де жоқ емес. Айталық, бұқаралық ақпарат құралдарының функциясы қандай болуы керек деген сауалға әркім әрқалай жауап беріп жүр. Біреулер оның ақпараттық қызметін алға тартса, кейбіреулер көңіл сергіткіштік , сейілдік, жарнамалық функцияларын бірінші орынға қояды. Осындай алуан түрлі түсініктің салдарынан бүгінгі күні еліміздегі БАҚ алабажақ күй кешуде. Бұл жақсылық па, жамандық па?

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ана жылы «Қазақстан-1» телеарнасы журналистерімен кездесуінде бұқаралық ақпарат құралдары қызметін қарулы күштермен қатар қойып қарастырып, ел қауіпсіздігі үшін кейінгісінен гөрі алдыңғысының рөлі басым екендігін тілге тиек еткені бекер емес. Ақпараттық қауіпсіздік – қазір күн құрғатпай дұрыс шешуді қажет етіп отырған көкейкесті мәселе.

Осы орайда, еліміздің тұңғыш президенті Н.Назарбаевтың жоғарыда тілге тиек еткен жүздесуде журналистерге арнап айтқан: «Халыққа жақ, санаға сақ болыңдар»,- деген аталы сөзі көңіл төрінен орын алады. Бұл тұжырымдама – сонау ХХ ғасырдың басында қазақ журналистикасының негізін қалаған алаш азаматтарының көзқарастарымен сабақтаса ұштасып жатқан қағида. Әсіресе, төл журналистикамыздың тұңғыш теоретигі Ахмет Байтұрсыновтың төмендегі тұжырымдарымен өзектес. Осыдан-ақ Алаш азаматтары ілімінің өміршеңдігін аңғаруға әбден болады.

А.Байтұрсынов өз заманындағы жалғыз бұқаралық ақпарат құралы – мерзімді баспасөздің мынадай төрт қызметін алдыға тартады. Ол кезде радио мен тележурналистика әлі пайда бола қоймағандықтан Алаш арысының бұл тұжырымын бүгінде барлық БАҚ-қа қатысты қарастырып , журналистердің атқаруға тиіс ортақ қызметі деп қабылдасақ қателікке ұрынбас едік.

«Әуелі, газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ – керең, тілі жоқ – мылқау, көзі жоқ – соқыр сықылды. Дүниеде не болып жатқанын есту жоқ , өз пікірін айту жоқ. Бүгін дүние жүзіндегі халықтар телеграмм, телефон, пошталардың арқасында бір-бірімен хабарласып, газет арқылы жұртқа жайып, бір үйдегі адамдардай сөйлесіп отыр. Дүниеде болып жатқан істер , сөйленіп жатқан сөздер кімге пайдалы, кімге зарарлы екендігін күні бұрын біліп, пайдалы болса, шаттанып, зарарлысынан сақтанып тұрады.

Екінші, газет – жұртқа қызмет ететін нәрсе , олай болатын мәнісі жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, оқығаны көп адамдары газет арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп , жөн сілтеп , басшылық айтып тұрады.

Үшінші, газет – халыққа білім таратушы. Олай дейтініміз, газеттен жұрт естімегенін естіп, білмегенін біліп, бірте-бірте білімі молайып , зейіні өсіп, пікірі ашылып, парасаты жетпекші.

Төртінші, газет – халықтың даушысы. «Жұртым!» деп халықтың арын арлап, зарын зарлап, намысын жоқтайтын азаматтары газет арқылы халықтың сөзін сөйлеп , пайдасын қорғап, зарарына қарсы тұрып, қарғаға көзін шоқытпасқа тырысады» [1].

Бұл – осыдан бір ғасыр бұрын айтылған, бүгінгі күні де қоғамдық мән-маңызы жойылмаған құнды тұжырым. Бір кереметі , мұның Компартия көсемі В.И.Лениннің жоғарыда тілге тиек етілген «теориясынан» атандай бес жыл бұрын айтылғанында. Бірақ, өкінішке қарай, ол кешегі кеңес дәуірінде игілікке жаратылмай, авторының тағдырын кешіп, ел жадынан тыс қалып , қапаста ұсталынып келді. Десек те, өміршең ілім түбі жарыққа шығып, жарқырап көрінетінін дәлелдеп берді.

Сонымен, Ахаңның, Ахмет Байтұрсыновтың ұйғарымынша, БАҚ-тың басты қызметі – «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болу. Басқаша айтқанда , мемлекеттік өзге билік тармақтары секілді журналистика да халыққа қызмет етуші дербес әлеуметтік институт. Қазір БАҚ кімге қызмет ету керек деген сауал қоғамдық келелі мәселе болып тұр. Оған әркім әрқалай жауап беріп, елді адастырушылық байқалады. Билік тармақтарын айтпағанда, БАҚ-қа құрылтайшы болып отырған жеке кісілердің мүддесін көздеп отырған топтар журналистерге билік жүргізгісі келеді. Бұл түптің түбінде өкіндірмей қоймайды. Сондықтан оның алдын алып, БАҚ-тың фунциясын заңдастыру уақыт талабы деп білеміз.

Осы орайда, Ахмет Байтұрсынұлы іліміне жүгінсек, БАҚ халыққа төмендегідей қызмет түрлерін көрсетуі тиістігі анықталады. Ең алдымен, ақпарат таратушылық қызметі алға тартылуы тиіс. Ол қоғамда, әлемде болып жатқан шындықты жариялауға негізделгені жөн. Сонда ғана халық оның пайдалысынан нәр алып, залалдысынан сақтанып тұра алады.

Екінші, журналистер – жол бастаушы. Басқаша айтқанда, қоғамдық пікір қозғаушысы. БАҚ арқылы «халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп», жол басшылық жасайды.

Үшінші, БАҚ – халыққа білім таратушы. Журналистер осыны әр кез есте ұстап, елдің білімінің артуына адал қызмет етуге міндетті екенін ұмытпағаны жөн.

Төртінші, журналистер – халық өкілі, ендеше соның жоғын жоқтап, мұңын зарлап, сойылын соғушы. Осылайша «қарғаға көзін шоқытпасқа» қызмет етуі тиіс.

Міне, журналистердің атқаруға тиіс кәсіби міндеттері. Біздіңше , БАҚ туралы заң мен журналистердің кәсіби этикасы осы ілімнің негізінде түзілгені жөн. Ақпараттық қауіпсіздік мәселесі сонда ғана дұрыс шешім табарына күмәніміз жоқ.

1. « Қазақ» газеті. 1913. №1.

rss