Мысырдың арабаралық экономикалық интеграция үдерісіндегі үлесі

Опубликовано: 03.11.2018

МЫСЫРДЫҢ АРАБАРАЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ИНТЕГРАЦИЯ ҮДЕРІСІНДЕГІ ҮЛЕСІ

Әбдіқадырова Ж.Б.,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Қазіргі кездегі тарихи кезеңде Мысыр Араб Республикасының (МАР) Араб Шығысы аймағындағы саясатының маңызды міндеттерінің біріне араб елдері арасындағы сауда-экономикалық саладағы ынтымақтастығын жандандыру жатады. ХХ ғасырдың 50-60-шы жылдары Араб мемлекеттері лигасының (АМЛ) шеңберінде бастау алған араб әлеміндегі экономикалық интеграция үдерісі араб басшыларының мәлімдемелеріне және аймақ мемлекеттері қабылдаған құжаттарға қарағанда ұзақ уақыт бойына бүкіл арабаралық қатынастар жүйесінің ең маңызды бағыттарының бірі болған. Сонымен бірге интеграция барысының өзі бәсең, күйзеле, ішіндегі маңыздылары ұзаққа созылған араб-израиль қақтығысы және әртүрлі деңгей мен сипаттағы арабаралық қайшылықтар болған саяси факторлардың әсерін сезіне өтті [1].

ХХ-ХХI ғасырлар тоғысында арабаралық сауда деңгейі, сондай-ақ бір араб елінің екінші араб елінің жерінде экономикалық жобаларға қатысу қарқыны айтарлықтай төмен болды. Бірқатар ұлғаю бағытына қарамастан, зерттеліп отырған кезеңде арабаралық сауда көлемі араб елдерінің сауда айналымының бар жоғы 8 %-ға жуығын құрады. Оған аймақ мемлекеттерінің негізінен көмірсутекті ресурстарын экспорттауға бағытталған экономикалық құрылымдарының ұқсастығы, басқа интеграциялық бірлестіктер шеңберінде еңбектің бірігуі мен алмасуын қиындатқаны себепкер болды. Арабаралық инвестициялар да өте шамалы болды. Сөйтіп, 90-шы жылдар – ХХI ғасырдың басында дүниенің әртүрлі елдерінің экономикалық жобаларына салынған араб капиталындағы 1 трлн. доллардың 15 млрд. доллары ғана араб елдерінің араб аймағының басқа елдеріне салынған инвестицияларын құрады. Жалпы араб саудасының әлемдік ауқымдағы төмен үлесі – бар жоғы 2,5 % [2] – кеден кедергілерін төмендету немесе жоюмен және тауарлар мен қызмет көрсетулердің өзара енуімен қатар келген әлемдік сауда либерализация кезеңінде Араб Шығысы елдері экономикаларының бәсекеге әлсіз қабілеттілігін көрсетті. Өнеркәсіптік саланың дамымағаны, экспорттың дифференциацияланбаған құрылымы , қуат ресурстарының табыстарына байланып қалғандығы, араб елдерінің Дүние жүзі сауда ұйымына кіруін [3] ескере келгенде, араб елдері экономикаларының трансұлттық корпорацияларға тап болған жағдайда орнықты және бейімделгіш болуын кемітті және қазір де кемітеді. Тығыз арабаралық ынтымақтастықты жақтаушылардың ойы бойынша, ғаламданудың шабуылдарына араб елдерін жаһандану үдерісіне қосуға септігін тигізетін және сонымен бір уақытта араб бірлігінің беріктігін қамтамсыз етудің құралы болуға тиіс аймақтық экономикалық интеграцияны нығайту арқасында ғана қарсы тұруға болады [4]. Солайша, ғасырлар тоғысында араб әлемінде араб елдері экономикаларын нығайтуға, арабаралық сауданы жандандырып, Араб Шығысы аймағының әлемдік экономикаға үлесін арттыруға жол ашатын интеграциялық үдерістерді жүзеге асыруды тездету қажеттілігі туды.

Мысыр концепциясына сәйкес , бірыңғай экономикалық кеңістікті құру араб елдерін біріктірудің негізіне айналу керек [5]. Каирде бірлескен экономикалық жобаларды іске асыру және көп деңгейлі экономикалық байланыстарды дамыту – бұл араб елдерінің саяси саладағы да барынша тығыз өзара әрекеттестігінің кепілі деп есептейді. Мысырлықтар сәтті экономикалық интеграцияның міндетті шарты деп араб елдері арасындағы тауар айналымының өсуін айтады. Оған қоса арабаралық экономикалық интеграцияның жандануын Мысыр араб әлеміндегі елдер арасындағы қатынастардың көп жақтық дамуына бағытталған Каирдың мейлінше кең ауқымды саясатының құрамдас бөліктерінің бірі ретінде қарастырады. Арабаралық экономикалық интеграция саласындағы шамалы жетістіктерді ескере келе, Каир Мысыр сыртқы саясатының, сондай-ақ бүкіл араб қауымдастығының басымдылықтарының бірі ретінде аймақтағы интеграциялық үдерістердің тірегіне айналуға үнделген сыртқы экономикалық байланыстардың ары қарай дамуын есептейді. Мысырлық ғалымдардың пікірінше, экономикалық интеграция жолында араб елдеріне төрт кезеңнен – еркін сауда аймағы, кеден одағы, ортақ нарық және экономикалық одақтан өтуге тура келеді. Бұл қадамдарды жүзеге асыру араб елдерінен бірлескен экономикалық стратегияны жасап шығарып , оны қарқынды түрде іске асыруды талап етеді.

Мысырдың бастамасымен Араб еркін сауда аймағын құру туралы мәселе таяу шығыстық реттеумен қатар 1996 жылдың маусымында Каирде өткен АМЛ саммитінің күн тәртібіне енгізіліп, оның талқыланған маңызды мәселелерінің біріне айналды. Саммитте Мысыр президенті Хосни Мүбарак болашақта Араб ортақ нарығы жобасын іске асыру мақсатында Араб еркін сауда аймағын құру арқылы арабаралық экономикалық интеграцияның нысандарын дамыту ұсынысын айтты. Мысырлық басшының ұсынысы басқа араб елдерінен қолдау тауып, саммиттің қорытынды құжаттарында көрінісін тапты [6]. Құжаттарға сәйкес, 1997 жылдың 19 ақпанында АМЛ-дың экономикалық және әлеуметтік кеңесі 1998 жылдың қаңтар айында күшіне енген және 10 жыл ішінде кеден салығын жыл сайын 10 %-ға қысқартуды қарастыратын Араб еркін сауда аймағын құру туралы жоспарды мақұлдады. Бұл шешім сауда-экономикалық салада арабаралық ынтымақтастықтың ауқымын кеңейтуді және ірі әлемдік экономикалық бірлестіктер алдында араб елдері экономикаларын нығайтуды қарастыратын Араб ортақ нарығын болашақта құру жолында маңызды қадам болды. Солайша, Араб Шығысы елдері бірыңғай араб экономикалық кеңістікті құруға бағытталған шынайы әрекеттерді іске асыруға кірісті. Жеткілікті экономикалық қауқарға ие болмаған Мысыр жалпы арабаралық интеграция үдерісін басқаруға үміткерленді, бірақ сонымен бірге аталмыш үдеріске қажетті түрткі бере алатын, МАР мүдделеріне сай болатындай бағыттарды анықтауға мүмкіндік беретін араб дүниесінің негізгі дипломатиялық орталығы болып қалуды да қалады.

Мысыр Араб еркін сауда аймағын құру идеясы авторларының бірі ретінде және Араб ортақ нарығы жобасын іске асыру туралы бастама білдірушілердің бірі ретінде арабаралық интеграцияның әртүрлі аспектілерін зерттеуге зор көңіл бөлген. МАР Халықтық жиналысының Арнайы комитетінің баяндамасында айтылғандай, арабаралық экономикалық интеграцияны жүзеге асыру Араб еркін сауда аймағын және Араб ортақ нарығын құру туралы бағдарлама шеңберінде екі жақты және көп жақты келісімдерге қол қою қамтиды. МАР жоспарларына сәйкес , арабаралық экономикалық интеграция аймақта араб тауарларының, қызмет көрсетулердің, жұмысшы күшінің және капиталдың еркін қозғалысын қамтамасыз етеді, Араб Шығысы экономикасының әлемдік шаруашылықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады, ақшаны экономикаға салу мақсатында жинауға қолайлы жағдай туғызады, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге көмектеседі , араб әлеміне шетелдік инвестицияларды тартады. Сонымен бірге МАР сарапшылары арабаралық экономикалық интеграцияның мүмкін болатын жағымсыз салдарларын ескертеді. Яғни араб елдерінде жергілікті және шетелдік өндірушілер арасындағы бақталастықтың шиеленісуі, үкіметтердің өз өндірушілеріне қатысты протекционистік саясатты жүргізудегі қауіптер туралы айтылады.

Арабаралық экономикалық ынтымақтастықты дамытудағы және соның ішінде Араб еркін сауда аймағын құрудағы құралдардың біріне қатысушы мемлекеттердің тарифтік саясатын реттейтін екі жақты және көп жақты келісімдер жатады. Арабаралық сауданы либерализациялау жоспарларына сәйкес, МАР Иорданиямен, Ливанмен, Мароккомен, Туниспен мұндай құжаттардың бірқатарына қол қойды. 2001 жылдың қаңтарында Мысыр және Ирак арасында еркін сауда аймағын құру туралы келісімге қол қойылды [7]. Келісім сол жылдың жазында күшіне енді [8] және оның маңыздылығы Ирактың араб дүниесіндегі ұстанымдарын қайта қалпына келтірілуіне , арабаралық интеграциялық үдерістерге қатысуға қайта оралуына септігін тигізгендігінде болды.

1989 жылдың ақпан айында Мысыр, Ирак, Иордания және Йемен Араб Республикасы (ЙАР) мемлекетаралық байланыстардың деңгейін көтеруге және АЫК мүше-елдері арасында экономикалық интеграцияны кеңейтуді қамтамасыз етуге бағытталған Араб ынтымақтастығы кеңесін (АЫК) құрды. Белгіленген мақсаттарға сәйкес, интеграция және үйлестірушілік келесі салаларда: экономика және қаржы, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы, көлік, байланыс, білім беру , мәдениет, ақпарат, ғылыми-техникалық зерттеулер, әлеуметтік мәселелер, денсаулық сақтау, туризм, еңбекті ұйымдастыру, жұмыс күшінің қозғалысы салаларында іске асырылды. АЫК өз жұмысын 1990 жылы тоқтатты.

Арабаралық экономикалық байланыстарды кеңейту жолындағы тағы бір маңызды қадамға сыртқы сауда операцияларын жеңілдетуді қарастыратын көп жақты келісімдерге қол қою жатады. 2001 жылдың мамыр айында Мысыр , Иордания, Марокко және Тунис арасында еркін тауар айырбастау туралы келісім қабылданды [9]. 2001 жылдың маусымында Мысыр, Ирак, Сирия және Либия осы төрт ел қатысатын еркін сауда аймағын құру жөніндегі келісім-шартқа қол қойды [10]. Араб экономикалық бірлік кеңесінің (АЭБК) бас хатшысы Ахмет Джувейли бірыңғай экономикалық кеңістікті құруға және тауарлар мен қызмет көрсетулердің еркін қозғалысын, инвестициялар мен іскерлікті қолдауды қамтитын шаруашылық байланыстарының кеңеюіне бағытталған бұл «маңызды ұлттық оқиғаға» жоғары баға берді [11].

2004 жылдың ақпан айында марокколық Агадир қаласында Мысыр, Марокко, Тунис және Иордания қол қойған еркін сауда аймағын құру туралы келісімнің мақсаты, оның қатысушыларының мәлімдемелері бойынша , тек арабаралық экономикалық ынтымақтастықты ғана емес, Жерорта теңізі аймағы мемлекеттерімен де сауда-экономикалық байланыстарды дамыту болды [12]. Марокконың қаржы министрі Фаталла Уалалу мәлімдегендей, бұл одақ қатысушылар арасындағы сауда байланыстарды жандандыруға, олардың Еуропалық Одақпен экономикалық серіктестік жөніндегі келіссөздерде ұстанымдарын нығайтуға бағытталған. «Агадир келісімі» оған басқа да араб мемлекеттерінің қосылуына ашық деп жарияланды [13]. 2005 жылдың ақпанында Иордания астанасы Амманда «Агадир келісімін» жүзеге асыратын Техникалық топтың штаб-пәтері ашылды [14]. Сөйтіп, арабаралық экономикалық интеграцияға қатысу арқылы Каир сонымен бір уақытта өзінің сыртқы сауда саясатының ең маңызды бағыттарының бірі болған еуропалық бағытын дамыта отырып, көп векторлы сыртқы экономикалық стратегиясын жүзеге асырды.

Каирдың Араб Шығысы елдерімен экономикалық байланыстарды жандандырудағы талпыныстарының көрнекті мысалы болып Мысырдың оңтүстіктегі араб көршісі – Суданмен интеграциялық жобаларды іске асыру саналады. Каир 1995 жылы Аддис-Абебада МАР президенті Хосни Мүбарак өміріне қастандық жасады деп Хартумға айып таққандықтан, 1995-2000 жылдар аралығында екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастар үзілді. Оған қоса елдер арасында «Халаиб үшбұрышы» деп аталатын жер дауы болды. Дегенмен кейінірек Мысыр және Судан екі жақты қатынастарын жақсартуға және болашақ экономикалық интеграцияның қажетті негізін құруға кірісті. Сонымен бірге екі тарап та екі елдің белсенді жақындасуы тек билеуші элиталар мен ірі бизнес деңгейіндегі саяси-экономикалық сипатқа ғана емес , екі ел халықтарының бұрыннан келе жатқан достығы мен олардың даңқты тарихи ортақтығымен қуаттандырылған ұлтаралық сипатқа да ие екенін ескереді [15].

Зерттеліп отырған кезеңде Мысыр және Судан экономикалық қатынастарды дамытуға бағытталған белсенді саясат жүргізді. 1998 жылдың қаңтар айында екі ел Ніл өзенінде кеме қатынасын қайта бастауға келісті [16], ал 1999 жылдың шілде айында екі ел президенттері Хосни Мүбарак пен Омар әл-Баширдің кездесті. 2003 жылдың шілдесінде Мысыр премьер-министрі Атеф Обейд бастаған өкілдік үкіметтік делегация Хартумға келіп, онда тараптар 19 келісімге қол қойды. Олардың арасында – сауда қатынастарының деңгейін көтеру туралы, көлік қатынастарын жақсарту туралы, бірлескен мысыр-судан банкін құру туралы, мұнай шығару саласындағы, энергетика , білім беру, мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы және тағы басқа құжаттар [17]. 2003 жылдың сәуір айында Хосни Мүбарак Суданға 14 жыл ішіндегі Судан президенті Омар әл-Башир «тарихи» деп сипаттаған алғашқы сапарын жасады. Х.Мүбарак мәлімдегендей, Суданның Мысыр үшін маңыздылығы өте зор және Мысыр елі судан халқы тұрақтылық пен қауіпсіздікке қол жеткізуі үшін бар мүмкіндігін аямайды [18]. Белсенді екі жақты байланыстардың нәтижесінде Каирде 2004 жылдың сәуір айында бір елдің азаматтарының екінші елдің территориясында еркін жүріп-тұруы, тұруы, жұмыс істеуі және меншігі болуы туралы екі жақты келісімге қол қойылды [19]. 2004 жылдың маусым айының өзінде-ақ келісім-шартты екі елдің де парламенттері бекітті [20], ал 2004 жылдың қыркүйегінде келісім-шарт күшіне енді [21].

Екі елдің интеграциясын МАР-дағы көп адамнан тұратын судан диаспорасы қолдайды. 2000 жылға қарай Мысырда тұрған судандықтардың саны 4 млн. адамға жеткен, ал оларға тиесілі меншіктің құны мен МАР экономикасына салған ақшалары, Дүние жүзі банкінің мәліметтері бойынша, 7 млрд. долларға бағаланды [22]. Судан диаспорасы басшыларының пікірінше , МАР өкіметі Суданды «Мысырдың географиялық және нәсілдік бөлігі» ретінде қарастырады. Мысырдағы судандық иммигранттардың айтарлықтай бөлігі Каир мен Хартум арасындағы бірліктің қайта құрылуын жақтайтын Суданның Юнионистік-демократиялық партиясының (ЮДП) ойларын қолдайды. МАР-дағы судандық қауым басшыларының бірі Абдин Әли Ахмет мәлімдегендей, мысырлық үкімет шешелері мысырлық болған судандықтардың өмірін жеңілдетуге бар күшін салады. «Бұл судандықтар білім алу мен жұмысқа тұруда байырғы мысырлықтарда бар құқықтарға ие» [23]. 1995 жылы Мысырдың судандық интеллигенция өкілдері өз Отанында қандастарына барынша көмек көрсету және екі жақты қатынастырды нығайту мақсатында қор құрды. Судандық инвесторлар қолғабысымен дарынды судандық жастар оқитын оқу орнын құру қор қызметі бағыттарының біріне айналды.

Сонымен қатар араб елдерінің арабаралық экономикалық байланыстарды нығайтудағы қажеттілікті түсінуіне айтарлықтай әсер еткен тағы бір факторға 90-шы жылдары елеулі түрде өршіген Таяу Шығыс аймағындағы Израильдің гегемонистік талпыныстарының күшеюі жатты. Мысырлық тараптың ұстанымына сәйкес, Израильдің «жағымсыз» саясаты таяу шығыстық елдердің экономикалық өсуіне әсер етеді және аймақтағы халықтардың өркендеуіне тежеуіш болып отыр [24]. Бұл мәселеге 1996 жылдың қараша айында Каирде «Болашаққа бола жасампаздық үшін, достық инвестициялық жағдай үшін» деген ұранмен өткен Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы экономикалық ынтымақтастық туралы Халықаралық конференция арналды. Конференцияның ашылуы кезіндегі сөзінде МАР президенті Хосни Мүбарак аймақ мемлекеттері арасындағы экономикалық байланыстарды жақсарту арқылы таяу шығыстық бейбіт реттеу үдерісін қолдауды күшейту қажеттілігін ескерді. Конференцияда араб-израиль экономикалық ынтымақтастығы келешегі бағаланды. Солайша, Сауда палаталарының мысырлық одағы таяу шығыстық мәселелердің түбегейлі саяси реттелуіне дейін Израильмен қандай да экономикалық ынтымақтастықтан бас тартатынын мәлімдей келе, өзіне қарасты іскер адамдарды Израильге бойкот жариялауға және еврей мемлекетімен өзара әрекеттесудің барлық нысандарынан тыйылуға шақырды [25]. Мысырдың сыртқы істер министрі Амр Мұса Израильдің аймақтық экономикалық ынтымақтастық орталығы емес, бар болғаны Таяу Шығыстың бір мемлекеті ғана екендігін баса айтты [26]. Каирдегі экономикалық конференцияның қорытынды мәлімдемесінде Таяу Шығыс және Солтүстік Африка аймағында экономикалық үдерістерді дамыту араб-израиль қақтығысын әділ және түбегейлі реттеуге қол жеткізумен тығыз байланыста екені ескерілді.

Бүкіл араб дүниесі шеңберіндегі экономикалық интеграцияны қолдаудан бөлек, Мысыр Араб Шығысында аймақтық бірлестіктер ішінде мемлекетаралық байланыстарды жандандыруға септігін тигізеді және олармен өазара тиімді қатынастарды дамытуға ниет білдіреді. Сөйтіп, атап айтқанда , зерттеліп отырған кезеңде Каир 90-шы жылдардың ортасында Араб Мағрибі Одағының (АМО) екі мүшесі – Алжир мен Марокко арасындағы қатаң саяси қайшылықтар салдарынан ұйымның іс жүзінде тоқтап қалған жұмысын қайта жандандыру үшін белсенді дипломатиялық қадамдар жасады. Каирдың Алжир мен Рабат арасындағы қатынастарды жақсарту үшін жүргізген делдалдық миссияны іске асырудағы мақсаттарының біріне АМО құрамына кіру және оның интеграциялық жобаларына қатысу жатты. Мысыр ертеректе АМО саммиттеріне тек бақылаушы ретінде ғана қатысқанына қарамастан, бұл ұйымдағы МАР-дың толық мүшелігі туралы мәселе әлі де мысырлық сыртқы саясат басымдылықтарының қатарында. Парсы шығанағы елдерімен өзара әрекеттестік нысаны ретінде Каир 1991 жылы сегіз мемлекеттің (Мысыр, Сирия және Парсы шығанағындағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесінің (ПШАМЫК) [27] мүше-елдері) әскери-саяси одағы ретінде құрылған, алайда кейінірек өз құзырын кеңейткен Дамаск декларациясы шеңберінде қатысуын қарастырады.

Каир арабаралық экономикалық интеграциялық бірлестіктерді құруға күш сала отырып, өз сыртқы саудасының арабаралық бағытының жандануына және елдің басқа да экономикалық мәселелерін шешуге сенім артады. Мысыр бюджеті көп жағдайда ақша түсудің сыртқы ахуалмен тығыз байланыстағы көздеріне - мұнай мен газдың экспортына, туризмнен түсетін кіріске, мысырлық эмигранттардың шетелден ақша аударымдарына, Суэц каналын пайдаланудан түсетін табыстарға тәуелді. Осыған байланысты Каир өз қазынасының кіріс көздерін барынша диверсификациялауға талпынады және мұнда қаржы құралдарына ие араб елдерінің көмегіне дәлелді түрде сенеді. Соңғы кездері Мысырдың араб елдерімен тауар айналымында теріс сауда балансы байқалды [28]:

Жылдар

1997

1998

1999

2000

2001

Экспорт

501

555

469

606

586

Импорт

690

894

1006

1465

1132

Баланс

- 189

- 339

- 537

- 859

- 546

Араб дүниесінде тиімді экономикалық одақ құру қажеттілігін мойындау үкіметтік деңгейде де , жеке кәсіпкерлер арасында да бар. 1995 жылдың маусым айында мысырлық Александрия қаласында өткен іскер топтардың мыңнан астам өкілі қатысқан араб бизнесмендері мен инвесторларының конференциясы арабтар арасындағы экономикалық өзара әрекеттестікті қолдау мақсатында инвесторлар мен бизнесмендер үшін салықтық және кедендік жеңілдіктерді бір ізге келтіруге шақырды. Конференцияның қорытынды мәлімдемесінде, атап айтқанда, бірыңғай сауда заңнамасын жасап шығару араб мемлекеттеріне өздерінің табиғи ресурстарын мейлінше тиімді қолдануға көмектеседі деп ескерілді. Кеңеске қатысушылар халықаралық аренадағы өзгерістер жағдайында араб экономикасының рөлін күшейтудің жалғыз жолы араб ортақ нарығын қалыптастырудың алдын ала қадамы ретінде араб еркін сауда аймағын құру арқылы өтетініне келісті. Осыған байланысты олар өз үкіметтерін осы кезеңде араб елдерінің шекаралары арқылы өтетін тауарлардың қозғалысын жеңілдетуге қолғабыс етуге үндеді. Конференцияның нәтижелеріне баға бергенде АМЛ бас хатшысы Исмат Әбдәл Магид араб әлемінен басқасының барлық жерінде аймақтық экономикалық бірігулер бар деп мәлімдеді және «араб елдерін бірігу мен экономикалық одақ құруға» шақырды [29].

Араб Шығысындағы экономикалық қатынастар жүйесін жандандыру үдерісіне капиталдың қатысуы қажеттілігін Мысыр да ескертеді. Хосни Мүбарактың пікірінше, араб жеке капиталы арабаралық экономикалық интеграция үдерісінде шешуші рөл атқаруы тиіс. Араб экономикалық бірлік кеңесінің (АЭБК) бас хатшысы Ахмет Джувейли мәлімдегендей, жеке сектор араб елдері экономикасының 70-ке жуық %-н құрайды [30]. Оның ойынша, арабтарға өздерінің экономикалық қиындықтарын үшінші күштің көмегіне жүгінбей, өз бетінше шешуді үйрену үшін ақшаны араб аймағының ішінде инвестициялау қажет. Мысырлық ресми және іскер топтар арабаралық жобаларды құру мен қолдауда белсенді көмекті зор қаражаты бар Парсы шығанағының араб елдері көрсете алады деп есептейді [31]. Араб ақша салуды кепілдеу ұйымының мағлұматтары бойынша , ПШАМЫК мүше-елдерінің алтауында араб әлемінің жеке меншіктегі капиталының барлық көлемінің 90 %-дан астамы шоғырланған [32].

Осыған байланысты Араб Шығысы аймағында экономикалық жаңарулардың болашағына қатысты 2003 жылдың маусымында Иорданияда өткен Дүние жүзі экономикалық форумында (ДЖЭФ) қабылданған Араб іскер кеңесін (АІК) құру туралы шешім айтарлықтай пайдалы болды. 50 ірі араб кәсіпкерлері құрған АІК өкілдерінің айтуынша, «бәсекеге қабілетті және үдемелі араб әлемін құру» оның негізгі мақсаттарының бірі болып табылады [33]. АІК міндеттері – либералды экономикалық реформаларды өткізу, арабаралық еркін экономикалық аймақты құру, шетелдік инвестицияларға қойылған шектеулерді алып тастау, экономикадағы үкіметтік монополияларды жою, даулы мәселелерді шешу үшін тиімді арбитражды құру , интеллектуалды құқықтар мен меншікті қорғау және экспортты дамыту. 2004 жылдың мамыр айында Иорданиядағы ДЖЭФ-тің кезекті отырысында АІК-ке араб әлемінде экономикалық реформалар жүргізуге мандат берілді [34].

Мысырлық газдың Араб Шығысы елдеріне, Түркия мен Еуропаға экспорты жүзеге асырылатын арабаралық газ құбыры жобасын іске асыру Араб Шығысы аймағындағы көп жақты экономикалық ынтымақтастықтың сәтті мысалына айналды. Бұл жобаны қаржыландыруға Кувейт және Парсы шығанағының кейбір басқа мемлекеттері белсенді қатысты [35]. Арабаралық газ құбырының бірінші желісі 2003 жылдың шілде айында іске қосылды [36]. Араб Шығысы елдерінде оны «арабтардың экономикалық мүмкіндіктерін едәуір арттыратын және келешекке бағытталған арабаралық ынтымақтастықтың ең маңызды жобасы» деп атады. Мысырдың мұнай министрі Самеха Фахми ескерткендей, газ құбырының сәтті іске қосылуы – бұл «мысырлық мұнай-газ өнеркәсібінің сапалы түрде алға жылжуы және сонымен бір мезетте бүкіл араб әлемі үшін аса маңызды экономикалық және стратегиялық жоба» [37]. 1999 жылы орын алған Мысыр және Иордания қуат жүйелерінің бірігуі араб елдері экономикасының әрмен қарайғы интеграциясының факторы ретіндегі энергетикалық құрамдас бөлігінің зор маңыздылығына дәлел болды [38]. Аталмыш жоба болашақ таяу шығыстық біріккен қуат жүйесінің өзегі болды.

Бірлескен экономикалық жоба шеңберіндегі араб елдерінің сәтті ынтымақтастығының тағы бір мысалына «СОМЕД» Араб мұнай құбыры компаниясының қызметі жатады. 1974 жылы мысырлық акционерлі компания ретінде құрылған «СОМЕД» ғасыр аяғына таман 50 % акция Мысырға, 15 %-дан – Сауд Арабиясына, Біріккен Араб Әмірліктеріне және Кувейтке және тағы 5 % Катарға тиесілі болған көп жақты араб жобасы болып саналды. «СОМЕД» шеңберінде Мысыр басқа да араб елдерімен бірлесіп, мұнай, табиғи газ және мұнай химиясы саласында көптеген жоспарларды іске асыра алды. Парсы шығанағынан Еуропаға баратын мұнайды тасымалдаудың жалпы көлеміндегі компания үлесі 80-ге жуық %-ды құрайды. «СОМЕД» Сауд Арабиясы , Иран, Ирак, Кувейт және Мысырдан келетін шикізаттың 17 түрімен жұмыс жасайды. 2004 жылы компания өзінің бүкіл тарихындағы ең үлкен көлемдегі - 314 млн. доллар – пайда түсіре алды және солайша әлемдегі шикі мұнайды тасымалдаумен айналысатын ең ірі құрылымдардың біріне айналды [39]. Бұл арабаралық экономикалық жобадағы Мысырдың тиімді қатысуы МАР-дың қуат ресурстарының ірі қамтамасыз етушісі ретіндегі барған сайын артып келе жатқан рөлімен, сондай-ақ көмірсутектік шикізаттың Парсы шығанағы аймағынан жерорта теңіздік аймаққа, Еуропа мен Америкаға жеткізілу жолында елге тасымалдау пунктісі болуына жол ашатын тиімді географиялық орналасуымен қамтамасыз етіледі.

МАР-дың сыртқы экономикалық стратегиясындағы табиғи газдың барған сайын артып келе жатқан маңыздылығына қарамастан, едәуір көңіл мұнай саласын дамытуға бөлінеді. Мысыр 1973 жылдан бастап Мұнайды экспортқа шығаратын араб елдірінің ұйымына (МЭШАЕҰ) мүше. МАР-дың барланған мұнай қорларын, сондай-ақ елдің жыл сайын өсіп келе жатқан экспорттық мұнай мүмкіншіліктерін ескере келгенде, Мысырдың Мұнайды экспортқа шығаратын елдер ұйымына (МЭШЕҰ) мүмкін болатын кіруін қарастыру әбден дәлелді [40]. Мысыр мұнай экспортын қандай да бір елдерге қысым көрсету құралы ретінде пайдалануды қолдамайды. 2002 жылы Каирде ашылған МЭШАЕҰ конференциясының ашылуы кезінде сөйлеген сөзінде МАР президенті Хосни Мүбарак араб елдерінің мұнай министрлерін мұнайды саяси қаруға айналдырмауға және оның әлемдік нарыққа тұрақты жеткізілуін үзбеуге шақырды [41]. Оның пікірінше , егер араб елдері Батысқа мұнай жеткізуді тоқтатса, бұл олардың экономикасына жағымсыз әсер етеді.

Солайша, ұзақ уақыт бойына көп мөлшерде көмірсутекті ресурстарды экспортқа шығаратын араб елдері қатарына кірмеген Мысыр қазірде әлемдік нарықтарға энергетика шикізатын болашағы бар және тұрақты жеткізіп беруші ел мәртебесіне ие болды және бұл артықшылықты өзінің Араб Шығысы аймағындағы экономикалық ұстанымдарын күшейту үшін пайдаланады.

1. Мамед-заде П.Н. Вклад Египта в процесс межарабской экономической интеграции // Ближний Восток и современность. Сборник статей (выпуск двадцать седьмой). – М.: ИИИБВ, 2006. – С. 116.

2. Jumana al-Tamimi. Arab Common Market: a dream that must come true // Jordan Times. - 22.07.2001.

3. Гукасян Г., Филоник А. Аравийская интеграция // Мировая экономика и международные отношения. – 2004. - № 2. - С. 81-82.; Филоник А. Глобализация и проблемы адаптации аравийских монархий // Ближний Восток и современность. Сборник статей. – М.: Институт Ближнего Востока, 2002. – С. 173.

4. Степанова Н.В. Интеграционные процессы в арабском мире // Восток / Запад: Региональные подсистемы и региональные проблемы международных отношений. – М.: МГИМО-РОССПЭН, 2002. – С.336.

5. Пульс планеты. Ежедневный бюллетень международной информации. - 10.06.1997.

6. The Final Communiqué of the Arab Summit Conference. Cairo, 21-23 June 1996. – Ministry of Foreign Affairs of Arab Republic of Egypt // www.mfa.gov.eg

7. www.arabicnews.com, Economics. - 20.01.2001.

8. Middle East Times. - 24.08.2001.

9. ИТАР-ТАСС. Лента новостей. - 09.05.2001.

10. Middle East Times. - 15.06.2001.

11. Пульс планеты. Ежедневный бюллетень международной информации. - 13.06.2001.

12. Al-Ahram Weekly. – 4-10 March 2004. - Issue No. 680.

13. ИТАР-ТАСС. Лента новостей. - 25.02.2004.

14. Syrian Arab News Agency (SANA). – 2005. - February 21.

15. Мамед-заде П.Н. Отношения Египта с Ливией и Суданом в конце XX - начале XXI вв. // Востоковедный сборник. Выпуск 6. – М.: ИИИБВ, 2004. – С. 74.

16. Страны Африки 2002. – М.: Институт Африки, 2002. – С. 193.

17. Al-Ahram Weekly. - 24-30 July 2003, Issue No. 648.

18. Al-Ahram Weekly, 1-7 May 2003, Issue No. 636.

19. www.arabicnews.com, Politics. - 05.04.2004.

20. www.arabicnews.com, Politics. - 16.06.2004.

21. Кузнецов И. Между Египтом и Суданом с 6 сентября вступит в силу «соглашение о четырех свободах» // РИА «Новости», 02.09.2004 // http://www. rian.ru/politics/20040902/670729.html

22. Пульс планеты. Ежедневный бюллетень международной информации. - 13.09.2000.

23. Сонда.

24. ИТАР-ТАСС. ИНОТАСС. - 16.09.1998.

25. Пульс планеты. Ежедневный бюллетень международной информации. - 10.11.1996.

26. ИТАР-ТАСС. ИНОТАСС. - 10.11.1996.

27. Гукасян Г., Филоник А. Аравийская интеграция // Мировая экономика и международные отношения. – 2004. - № 2. - С. 80.

28. Egypt: 21 years of achievements. 1981-2001. Ministry of Information. State Information Service. - Cairo, 2002. - Р. 73.

29. ИТАР-ТАСС. ИНОТАСС. - 02.06.1995.

30. Egyptian Mail. - 07.02.2004.

31. ИТАР-ТАСС. ИНОТАСС. - 10.06.1997.

32. ИТАР-ТАСС. ИНОТАСС. - 24.03.2001.

33. Jordan Times. - 18.05.2004.

34. ИТАР-ТАСС. Лента новостей. - 28.07.2003.

35. صلاح متولي. مصر والأردن يدشنان المرحلة الأولى من مشروع نقل الغاز العربي بتكاليف 250 مليون دولار // الشرق الأوسط ، ٢٨ يوليو ٢٠٠٣ (Салах Матули. Мысыр және Иордания құны 250 миллион доллар тұратын араб газын тасымалдау жобасының алғашқы кезегін салтанатты түрде ашуда // аш-Шарқ әл-Аусат , 28.07.2003 ) // http://www. asharqalawsat.com/details.asp?section=3&article=184102&issue=9008

36. Al-Ahram Weekly. - 31 July – 6 August 2003, Issue No. 649.

37. Аганин А.Р., Соловьева З.А. Современная Иордания. – М.: ИИИБВ, 2003. – С. 322.

38. Пульс планеты. Ежедневный бюллетень международной информации. - 16.03.1999.

39. Ресей Федерациясындағы МАР Елшілігі Ақпарат бюросының сайты - www. egpressoffice.ru. - 23.05.2005.

40. РИА «Новости». - 19.10.2004.

41. ИТАР-ТАСС. Лента новостей. - 11.05.2002.
rss