«Бекет Өтетілеуовтің Крылов мысал жанрын аударудағы ақындық шеберлігі»

Опубликовано: 03.11.2018

«Бекет Өтетілеуовтің Крылов мысал жанрын аударудағы ақындық шеберлігі»

Мырзағали Кужахмет, 9 сынып оқушысы

Ғылыми жетекшісі: Г. Т. Жұмабаева

«№15 орта мектебі» ММ

Рудный қ.

Кіріспе

Тақырыптың өзектілігі: Күні бүгінге дейін сырт қалып келе жатқан, қазақ әдебиетінде өмірі мен шығармашылығы жұртшылыққа әлі таныстырылмаған әдебиет өкілінің бірі – жерлесіміз Бекет Өтетілеуов.

Педагог – ағартушы Бекет Өтетілеуов туралы аға ұрпақ өкілдері білгенімен, кейінгі ұрпақ одан мүлде беймағұлым десем, қателесе қоймаспын. Бекет Өтетілеуов көп жерде – ақ А. Құнанбаев, Ы. Алтынсарин, С. Көбеевпен қатар аталғанмен де, оның әдеби мұрасы өз алдына дара зерттелінген жоқ. Ол туралы жазылған бірең – саран мақалалар соңғы жылдары баспа бетінде көріне бастады. Б. Өтетілеуовтің артында қалған әдеби мұрасы онша көп емес. Ол ақындық, аудармашылық жұмыспен не бары 4 – 5 жыл шұғылданып, кейіннен науқасы себеп болып, шығармашылық істен ұзақ уақыт көп қол үзіп кеткен ақын. Жұмыстың өзектілігі жерлесіміз, ағартушы – педагог, ақын – аудармашы Бекет Өтетілеуов - Абай Құнанбаев пен Ыбырай Алтынсарин идеяларын жалғастырушы екендігін көрсету , әдеби мұрасын көпшілік қауымға таныстыру. Бекет Өтетілеуов орыс әдебиетінен жасаған аудармалары, қолтума өлеңдері арқылы жас ұрпақты өнерге үйреніп, білім алуға, туған жерін сүюге үндейді. Бірақ осындай ғибрат аларлық тәлім – тәрбиесі мол туындылары қазақ әдебиетінде айтылмай жүр.

Б. Өтетілеуов бертінде, соғыстан кейін (1949) қайтыс болғанымен, оның негізгі әдеби мұрасы революциядан арғы дәуірде жатыр.Оның еңбектеріне 1940 жылға дейін әдебиет – зерттеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Тек қана жарыққа шыққан кітаптары жөнінде қысқаша хабарлар бар. Бертін келе, Бекет Өтетілеуовтің мұрасын жинауда, жұртшылыққа таныстыруда айтарлықтай еңбек сіңірген профессор Е. Ысмаилов болды. Б. Өтетілеуовтің аты оқулықтарда, әдеби зерттеу жұмыстарда ауызға алынып, қазақтың ХХ ғасырдағы ағартушы демократ жазушылармен бірге атала бастады. 1941 жылғы орта мектептің 9 сыныбына арналған қазақ әдебиеті оқулығында Б. Өтетілеуовтің жазушылық қызметіне әділ баға берілген болатын. Ал М. Әуезов 1923 жылы жазған «Мұра» атты шығармасында Бекет Өтетілеуовке жазушы ретінде жоғары баға берген. Бір өкініштісі оның аудармалары, төл туындылары мектеп қабырғасында жеке оқытылмай жүр.

Ел тарихына қоғам қайраткері ретінде педагогтық, ақынжандылық өшпестей із қалдырған, ісі ел есінен ешқашан жойылмайтындай үлгілі - өнегелі бейне мен мұрасы бар әйгілі жерлесіміз Бекет Өтетілеуов кейінгі ұрпаққа үлгі.

Бекет Өтетілеуовтің өмірі және әдеби шығармашылық мұрасы.

Кейінгі, арттағылар оқып көрер ,

Сөзімді керек десе жинап – терер,

Бекеттей аудармашы болыпты деп,

Өзінше уақытында баға берер.

(Бекет Өтетілеуов)

Уақыт өткен сайын өзіміз пір тұтқан, табынған тұлғалардан алыстай бастаймыз. Бұл шыр айналған тарихтың заңды құбылысы.

Күні бүгінге дейін зерттеуден сырт қалып келе жатқан ауыз әдебиетінің жеке нұсқаларын, әдебиетіміздегі арғы дәуірдегі кейбір өкілдерін былай қойғанда, қазақ әдебиетінің Абайлық және совет дәстүрлерінің арасында өмірі мен творчествосы жұртшылыққа әлі таныстырылмаған ақын, жазушылар бар. Солардың бірі – Бекет Өтетілеуов.

Б.Өтетілеуов - қазақтың белгілі жазушысы – педагогы Спандияр Көбеевпен тел өскен, бір жүріп, бірге оқыған. Екеуінің де түскен жолы кешегі Ы.Алтынсарин салған сәтті де жемісті жол болды.

Бекет Өтетілеуов туралы оқта – текте баспасөз бетінде бірер ауыз жылы пікірлер айтылып жүр. Бірақ ол көлге тамған тамшы іспеттес. Сондықтан да Бекет Өтетілеуовтің есімі, оның атқарған қызметі, қайраткерлігі туралы мағлұматтар шағын ортаға белгілі де, қалың жұртқа беймәлім болып келеді. Педагог – ағартушының шығармашылық өмірбаяны әлі толық зерттеліп болған жоқ.

Бекет Өтетілеуов поэзияда Абайдың реалистік жолын, жас ұрпақты тәрбиелеуде Ы. Алтынсариннің педагогтік дәстүрін жалғастырған ақын, аудармашы , белгілі – ағартушы – педагог.

Бекет Өтетілеуов көрнекті жазушы Ғабит Мүсіровтің алғашқы ұстазы болған. «Ондай жақсы оқытушыны мен кейінде сирек кездестірдім. Ол үлкен мағынада ағартушы болатын тілегі бар адам еді» деп, өзінің «Автобиографиялық әңгімесінде» есіне алады. Ғабит Мүсіреповтің «Автобиографиялық әңгімесінде» Бекет Өтетілеуовтің ұстаздық бейнесі суреттелген.

Бекет Өтетілеуов – текті тұлпардың тұяғы, бақ қонып, қыдыр дарыған, ынтымағы бұзылмаған тоқал Арғынның ішіндегі Алдияр (таз) руынан шыққан қазақтың біртуар ұлы.

Бекет Өтетілеуов 1883 жылы Қостанай облысы, Сарыкөл ауданының, Қараоба ауылында дүниеге келген. Әкесі Өтетілеу тұрмысы орта шаруа болған адам. Әйтсе де ол баласына бір жағынан шаруашылыққа бас – көз болуды үйретсе, екінші жағынан, оның болашағына көрегенділікпен қарап, оны жаз

айларында мұғалімнен оқытады. Осылайша Бекет хат таниды, жазу - сызуды үйренеді. 1897 жылы ол орыс тілінде оқытатын Бурабайдағы үш жылдық ауылдық мектепте оқиды. 1901 жылы екі класты мектептің үшінші бөлімінде бір жыл оқып, келесі оқу жылында Қостанайдағы орыс – қазақ мектебінің төртінші бөліміне барып түседі. Ол қазақ даласының тұңғыш ағартушысы, алғашқы ұстазы Ыбырай Алтынсариннің қолымен іргесі қалаған орыс – қазақ мектебі еді. Екі класты мектепті Бекет Өтетілеуов 1905 жылы бітіреді. Бұл кезде Қостанайда ауылдық мектептерде мұғалімдер даярлайтын «педагогикалық класс» деп аталатын курс жұмыс істейтін. Алты кластық курсты місе тұтып , болысқа писарь, не тілмаш болып қалудан бойын аулақ салған Бекет Өтетілеуов осы курсқа түсіп оқиды. «Педагогикалық класты» 1907 жылы бітіріп, Көкшетау уезінің Қотыркөл болысындағы Қаратал ауылдық мектебіне мұғалімдік қызметке жіберіледі. Осылайша, Бекет Өтетілеуовтің ұстаздық жолы сексен көлдің баурайында орналасқан, жер шоқтығы Көкшетаудың қасиетті топырағынан бастау алады.

Осыдан бастап ол қырық жылдан астам уақыт бала оқыту, бала тәрбиелеу ісімен шұғылданады. Бойындағы барлық күш – қуатын жас ұрпаққа ұлы орыс тілін үйрету жолына сарп етеді.

Бекет Өтетілеуовтің ағартушылық жұмыста белсенді қызмет еткен уақыты 1917 жылғы төңкеріске, азамат соғысына, сталиннің тоталитарлық саясатына, 30 – ыншы жылдардағы қазақ интеллигенциясының репрессияға ұшырауына, Ұлы Отан соғысы жылдарына тұспа – тұс келді.

Осындай қиын – қыстау, дүрбелең уақыттарда елдің күйзелістен шығуына жол көрсетіп, рухани қолдау жасап, дем беруде педагог- ағартушының сіңірген еңбегі мол. Қандай да болмасын қиыншылыққа қарамастан өз жұмысын адал атқарды.

1916 – 1922 жылдары Бекет Өтетілеуов Қанымжол ауылдық мектебінде мұғалімдік жұмысын жалғастырды.Өзіндей көптеген ауыл мұғалімдері сияқты Бекет Өтетілеуов те Кеңес үкіметі орнағаннан кейінгі жерде жас ұрпақты оқыту , тәрбиелеу жұмысына жаңа күш, жаңа жігермен құлшына кірісті.

Тәжірибелі мұғалім ретінде ол мектеп инспекторы болып қызмет атқарды. 1923 жылы губерниялық оқу бөлімі оны бұрынғы Ы.Алтынсарин мектебіне, кейін Қостанайдағы Казкоммуна болып ашылған жеті жылдық қазақ мектебінде меңгеруші етіп сайлайды, әрі орыс тілінен дәріс береді.Ұстаздық мамандық оқытушының сабақ беру шеберлігін үнемі жетілдіріп отыруды талап ететіндігін ерте түсінген Бекет Өтетілеуов оқу – тәрбие жұмысымен шектеліп қана қоймай әдістемелік құралдар жазу және ғылыми – зерттеу жұмыстарымен де айналысты.

Денсаулығына байланысты ұстаздық ету жұмысынан уақытша қол үзсе де, оның қабырғасын қайыстырып, бүйрегіге батқаны педагогикалық қызметтің әдіс- тәсілін жетілдіру, білім берудің , жастарды оқуға ынталандырудың ұтымды жолдарын іздестіру болды. Оның жазушылыққа бет бұруының басты сыры да осында еді. Ол жазушылық қызметін педагогикалық жұмысынан бөліп қарамады.Ол көркем әдебиеттің қоғамдық қызметін жоғары бағалады.

Көбіне педагогикалық – ағартушылық талаптарға сай келетін өнегелік, өсиеттік, дидактикалық жақтары басым еңбектер жазды. Ы. Алтынсариннің үлгісімен балаларға жақсылық пен жамандақты, әділеттік пен жауыздықтың, тапқырлық пен надандықтың не екеніне түсінік беретін, шағын сюжетке құрылған өлеңдер, мысалдар жазды.

Бекет Өтетілеуовтің жазушылық қызметіне тоқталсам, негізінен орыс әдебиетінің асыл үлгілерін ана тіліне аударудан бастайды.

Бекет Өтетілеуов 1912 жылы науқастанып емделу үшін Қазан қаласына барады. Осы сапарын пайдаланып 1912 жылы өзінің тұңғыш кітабы «Дүниенің ісі ахиретке кетпесті» бастырып шығарады.

Ақынның тұңғыш кітабы «Дүниенің ісі ахиретке кетпесті» екі дастаннан құрылған. Бірінші өлеңнің аты кітапқа да қойылған , екіншісі – «Жансыз сәуегей сипатында» деп аталады. Бұл кітапты оқушыларға алғаш таныстырғаны – «Айқап» журналы. 1913 жылы журналдың «Жаңа шыққан кітаптар» деп аталатын бөлімінде мынадай хабар жарияналады : «Дүниенің ісі ахиретке кетпесті» - орысшадан тәржіме – Бекет Өтетілеуов (ұғылы). Бұл кітапты алып оқуға кеңес етеміз. Оқыған соң ойланарлық ғибрат бар. Әрине, бұл сол кезден – ақ Бекет Өтетілеуов аудармаларының бағаланғандығын байқатады.

Екінші кітабы: «Жиған терген» деп аталады, ол 1914 жылы Орынборда басылды. Негізгі аудармалары «Жиған – терген» атты кітабында жарияланған. «Жиған - терген» атты кітабы - Б. Өтетілеуовтің негізгі әдеби мұрасы болып саналады. Кітапта ақынның қолтума шығармаларымен қатар А.С. Пушкиннің «Евгений Онегин» романынан үзінді, А. Л. Лермонтовтың «Три пальмы» («Үш бәйтерек»), А. Л. Плещеевтің «Нищие» («Қайыршылар») атты өлеңдері, сондай – ақ И. А. Крыловтың он бес мысалы аударылып басылған. Сонымен қатар Б.Өтетілеуов белгілі орыс ақыны В.А. Жуковскийдің «Певец во стане руских воинов» атты ұзақ өлеңінің «Отчизне кубоксей, друзья» деп басталатын бір шумағын («Туған жер») және И.И. Хемницердің «Муравей и зерно» («Құмырсқа мен дән») деген мысалын, Н. И. Красовскийдің «Солнце всходит и заходит» («Күн шығып, күн батады мезгілімен») деген өлеңін аударып, кітабына енгізген. «Жиған - тергенде» ақынның бірнеше қолтума өлеңдері де бар. Олар: «Данышпан қазы», «Қазақтың надан байлары мен нашар көршілері» және «Ғылымдық пен надандық».

«Жиған - терген» жинағындағы өлеңдері мен аудармаларынан ақынның демократиялық көзқарасы, ағартушылық ой – арманы айқын көрінеді. Адал азамат бол, туған жерің мен еліңді сүй деумен қатар ол жас ұрпақты өнер үйреніп, білім алуға үндейді. Ақын надандықтан, малға табынушылықтан теріс айналса, ғылымды асыл гауһар тасқа балап, мейілінше дәріптеп суреттейді.

Бекет Өтетілеуов 1949 жылы 9 маусымда өзінің туған ауылы – Қараобада дүниеден өтті. Оның еңбектеріне 1940 жылға дейін әдебиет – зерттеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Тек қана жарыққа шыққан кітаптары жөнінде қысқаша хабарлар бар. Бекет Өтетілеуовтің мұрасын жинауда, жұртшылыққа таныстыруда айтарлықтай еңбек сіңірген профессор Е. Ысмаилов болды. «Бекеттен қалған азды – көпті мұра революцияға дейінгі қазақ әдебитінің тарихында өзінің реалистік бағытымен де , өнегелік, өсиеттік маңызымен де нәр қоса алады. Оны Ыбырай, Абай мұрагері ретінде зерттеу – қазақ халқының прогресшіл ой тарихын таныта түспек», - деп Ілияс Омаров айтқандай Бекет Өтетілеуов ХХ ғасырдың басындағы әдебиетімізге тартымды Абай дәстүрін ілегрі дамытқан қабілеті зор ақын. Ол ісімен де, жазушылық қызметімен де қараңғылықтағы елін оятуға күш – жігерін жұмсады. Халықты сауаттандыру жолында жарты ғасырға жуық мұғалімдік қызмет атқарады.

Бекет Өтетілеуовтің Крылов мысал жанрын аударудағы ақындық шеберлігі.

Бекет Өтетілеуовтің әдеби творчестволық қызметін орыс әдебиетінің асыл үлгілерін ана тіліне аударудан бастады. Оның аудармалары – түрнұсқаға жақындығы мен көркемдігі жағынан өз дәуірі үшін қазақ әдебиетінің аударма саласындағы табысы дерлік туындылар.

Орыс әдебиетінен Б.Өтетілеуовтің көбірек және шебер аударғаны –

И. А. Крыловтың мысалдары.

Мысал - әдебиеттің көне жанры, сонымен бірге бүкіл дүние жүзі әдебиетінде кең тараған.

Белинский, Крылов мысалдарын әңгімелеу сапасында, сатиралық қасиетіне қарай үш топқа бөлген. Ұлы сыншының пікірінше, Крылов бір топ мысалдарында тек ақыл (мораль) үйретуші дәрежесінде қалады, бұл мысалдары баяндалу жағынан да әлсіз. Екінші бір топ мысалдарында ақыл үйрету мен поэзия екеуі шарпысып отырады. Ал, үшінші топқа кіретін мысалдарын Белинский нағыз сатиралық, поэзиялық шығармалар деп санаған.

Б. Өтетілеуов көбірек аударғаны екінші топтағы мысалдар: «Балапан қарға» («Вороненок»), «Бай мен етікші» («Откупщик и сапожник»), «Піл мен қанден» («Слон и Моська»), «Қапшық» («Мешок»), «Бүркіт пен Өрмекші» («Орел и паук»), «Түлкі мен жеміс», (Лисица и виноград), «Жарас» («Морон»), және «Арыстан» («Лев»). Бірінші топқа кіретін мысалдардан: «Аң аулаған қоян» («Заяц на ловле»), «Көкек пен көгершін» («Сочинитель и разбойник»), «Бұлбұлдар» («Соловьи»), «Бала мысық пен қараторғай», («Котенок и скворец»), «Ысырапқор мен қарлығаш» («Мот и ласточка»), ал үшінші топқа кіретін мысалдардан бір мысал «Мұжықтар мен өзен» («Крестьяне и река») мысалын аударған. Демек оның Крыловтан аударғаны әртүрлі тақырыпта жазылған мысалдар. Б.Өтетілов қай аудармасында болмасын идеялық мәнін, сатиралық өткірлігін жасытпай, қайта шыңдай түседі.

«Бала мысық пен қараторғай» мысалында қарны ашқан бала мысыққа досы қараторғай ақыл айтып білгішсінеді:

«Мой друг, ты очень прост,

Что терпишь добровольно пост ,

А в клетке над носом твоим висит щегленок».

«Ей, досым, неден бұлай болдың момын?

Бәрібір емес шығар аш пен тоғың?

Үйшікте сандуғашты көрмеймісің,

Қағып сал, аңдап тұрып, адам жоғын!»

Бала мысық досының айтқанын екі етпей, табанда орындайды., үйшікті бұзып сандуғашты алып жейді. Бірақ онымен қанағат етіп қоймай, құс етіне құнығып алған бала мысық аяңдап ақыл үйреткен ұстазының қасына келіп:

«Рахмет, жол танытқан білгішім», деп

Оны да қосымшаға қағып салды».

Біздің байқауымызша. Б.Өтетілеуов мысал сюжетінен оқшауырақ тұрған жолдарды әдейі қалдырып кеткен болу керек. Одан мысалдың композициясына ешбір нұсқан да келіп тұрған жоқ. Мұның орнына аудармашы тыңнан бір шумақ өлең қосып, сол арқылы бұл мысалда кейбір адамдарға тән қандай мінді мінез, қандай жағымсыз әдет шенеліп отырғанын анықтай түседі:

Мысалы, қараторғай біздің халық,

Алысты жақынға жүр айдар салып,

Жақынын мұқаттырып, дәндетіп ап,

Өзі де отырмайтын аман қалып.

Б. Өтетілеуовтің Крыловтан аударған енді бір топ мысалда сараңдық пен дүниеқорлық, екіжүзділік пен мақтаншақтық, бақ құмарлық пен мансапқорлық шенеледі. Бұл алуандас жағымсыз мінез – құлықтар да дала өміріне жат емес болатын.

Ұлы мысалшы ақын «Мирон» деген мысалында да сараң байды қырына алып , оның тағы бір алуандас жексұрын мінез – қылықтарын жұртқа әшкере етеді, сатира шоғын салып күйдіреді: бұл бай әрі сараң, әрі арам пиғылды, жауыз адам, сонысына қарамастан, жұртқа жақсы көрінбек, мырза атанбақ ниеті тағы бар.

Ертеде қазақ ауылында Миронға ұқсас шық бермес Шығайбайлардың көп болғаны белгілі. Б.Өтетілеуов бұл мысалды әдейі байларды мысқылдау үшін аударғанында күмән жоқ. Қазақ байы – Мирон деп аталмасқа керек, сондықтан ақын оған «Жарас» деп ат қойған. Миронға тән жағымсыз, жат мінездер – сараңдық қосақталған мақтаншақтық Жараста да бар. Бірде Мирон мейірленіп, әр сенбі сайын пақырларға қақпам ашық, келгендерге ас – суға қарық қыламын деп хабар таратады.

Кому не хочется хорошей славы?

Чтоб толкам о себе другой дать оборот,

Мирон мой распустил в народ ,

Что нищих впредь кормить он будет по субботам.

Миронға ұқсап, Жарас та, тек айырмасы сенбі күні емес, жұма күні, кім келсе де есігім ашық, дастарханым жаюлы, деп жар салады.

Ойласақ кім сүймейді мақтанғанды?

Бай даңқын шығаруға ойын алды.

«Жарқылдап жұма сайын тайғызамын,

Келсін, - деп жетім - жесір» хабар салды.

айтқанындай – ақ, Жарас (Мирон) сөзінде тұрады, жұма күні жетім – жесір, қайыршы біткенді қарық қылады. Бірақ сараң байдың мырзалығы бір аптадан аспады, бір жұма өтіп, екінші жұма өтпей – ақ Жарастың қабаған төбеттері тірі жанды үйінің маңайына жолатпай қояды. Жарастың үйіне жақын келген қайыршы қайыр дәмету түгіл, тақымын қаптырмай аман құтылғанын қуанады.Автор да, аудармашы да сараң байды ирония арқылы қатты әжуалайды.

Все говорят «Нельзя Мирону надивиться,

Жаль только, что собак таких он держит злых

И трудно до него добиться:

А то он рад последним поделиться».

Сонда да жұот мырза деп атын жайған,

Иттердің неге босын білсін қайдан.

Деседі: «Иттерден қорқып бара алмаймыз.

Әтпесе кінә бар ма Жарас байдан?!»

Бұл мысалдардан автор тағы да мынадай бір қорытынды жасайды: жоғары лауазымға оңайшылықпен қол жетпек емес. Бірақ, мұндайда Мирондар қалтарыста қала береді де, айыпты иттер болып көрінеді дейді. Аудармашы лауазым жайында сөз қозғамастан , әңгіме желісін басқа жаққа бұрмастан, мысалдың соңында Жарас сияқты байлардың бәріне ортақ жалған мырзалықтың сырын терең қазып аша түседі.

Қанша есігі ашық десең де бай:

Жүрміз ғой көзбен көріп талай – талай,

Бар кінә жан бармайтын итте қалып,

Иесі жақсы адам боп тұрмай ма жай.

Крыловтың «Вороненок» дейтін мысалын Абай да, Спандияр да, Бекет те аударған. Үш аудармада да мысалдың сюжеті бірдей. Бүркіт келіп, өрісте жүрген қойдың ішінен бір қозыны іліп алып кетеді. Мұны көрген балапан қарға өз - өзінен есіреп, осынша қойдың ішінен тырнағына ілінген кішкентай қозы болды, ал мен болсам, ең үлкенін ілер едім, - дейді. Ақыры қошқарды көтеріп әкетпек болған балапан қарға, қалың жүнге ілініп қалған тырнағын босатып ала алмай қолға түседі. Қойшылар қанат, құйрығын шонтитып кесіп, балаларға әкеп береді. Міне, мысалдың бар болған мазмұны осы.

Мысалдың түпнұсқасына жақыны - Бекеттің аудармасы. Абай мен С. Көбеев көп жерлерін қалдырып кетіп отырған. Мәселен, желіккен балапан қарға:

«Ну, только ль в стаде что ягняты?

Вот я как захочу

Да залечу,

Так царский подлинно кусочек подхвачу!» - деп есіреді. Абай мен С. Көбеев бірінші жолды аударғанда, соңғы жолдардың мағынасын өздерінше «ең семізін ілейін» (Абай), «Болмаса үлкен қой мен қошқардай» (С.Көбеев) деп еркін айтып кеткен. Ал, Бекетте балапан қарғанның ой толық берілген:

«Тапқаны жас қозы ма мұнша қойдан,

Мен ұшсам, мұндайға бас бұра қойман.

Шындасам, патша алдынан әкетер ем,

Тағамын дастарханға салып қойған!»

Мысалдың бұдан былайғы детальдарын да Абай тәптіштеп баяндап жатпай, қарға «жабысты келіп қошқарға» деп келте қайырған. Ал түп нұсқада балапан қарғаның аспанға ұқшып шыққаны («Тут Ворон поднялся над стадом»), табынға қомағайлана қарап («окинул стадо жадным взглядом»), қой таңдап жүргені, ақырында қошқарға келіп түскені суреттеледі. Қошқар болғанда, қандай, балапан қарға түгіл, көкжал қасқырдың әлі әрең - әрең келетіндей («который доброму б и волку был в подъем үлкен, семіз қошқар екені де айтылады. Бекет Өтетілеуовтің бұл аудармасында бұл көріністердің бірде – бірі қалмаған, түгелдей бар.

Бұлайша ұшып қарға шарыққа шықты,

Топ қойға обырланып көзін тікті,

Қошқарға сансыз қойдан көзі түсіп:

«Таппаспын бұдан тәуір, - деді – тіпті!.

Ал осы мысалдан шығатын қорытынды қандай болмақ, жұрт бұдан қандай ғибрат алмақ? Әр ақын өзінше қорытынды шығарған:

Нередко у людей то же самое бывает,

Коль мелький плут

Большому плуту подражает:

Что сходит с рук вором , за то воришек бьют.

(Крылов)

Азат басың болсын құл, -

Қолдан келмес іске ұмтыл!

(Абай)

Жақсыдан ғибрат ал, жай жүргенше

Істеген ісіңді істеп шамаң келсе.

Көңіліңді бұзықтыққа бір де бұрма,

Қашан бір әдеттеніп үйренгенше.

Жауыздық зұлымынан өнеге алма,

Қалып боп жуса кетпес өле - өлгенше.

(С. Көбеев)

Болашақ бұл оқиға адаммен де,

«Ұрылар құтылады, - десең – неге?»

Таяқты жейді өңшең ұрышықтар,

Еліктеп ұрыларға жүрген жерде.

(Б. Өтетілеуов)

Крылов пен Бекеттің моралі біреу – ақ: «айран ішкен құтылады, шелек жалаған тұтылады». Демек, «үлкен ұры құтылады, ұсақ ұры тұтылып қалады» деген қорытынды жасайды. Ал, С. Көбеев «әлеуметтік мәні бар сынды өзгертіп, мысал түйінін мінез түзету дәрежесінде ғана қалдырған. Оның тоқсан ауыз сөзінің тобықтай түйіні – «жақсыдан қашпа, жаманға баспа». Ал Абай Құнанбав тіпті басқаға меңзейді. Ол жұрт назарын балапан қарғаның әлі келмейтін іске әлек болғандығына аударады.

Бір ғана бұл мысал ғана емес, Бекет Өтетілеуовтің аудармалары әрқашан – ақ түп нұсқаға жақындығымен көзге түседі. Аудармашы ақын жеке мысалдың идеялық – көркемдік мазмұнын барынша толық та дәлме – дәл айтып беруді көздейді: бұл біздің байқауымызша , оның аудармалық қызметінде ұстаған негізгі принциптерінің бірі болып табылады.

Б.Өтетілеуов аудармаларының өзіндік көркемдік ерекшеліктері қандай, ақынның аудармашылық қызметінде ұстанған принциптері қалай?

Және де бір ескерте кететін нәрсе, көркем шығармалардың ішіндегі бір тілден екінші тілге дәлме – дәл аударуға оңайшылықпен бой бермейтіні – мысал. Тіпті Белинский, Крылов мысалдарында мақал – мәтел, орыс тіліне ғана тән сөз тіркестері мол екенін атап көрсете келіп: «Крылов мысалдарын ешбір шет тілге аударып болмайды»,- деп те жазған болатын.

Әрине, Белинский мұндай кесім, тұжырымды Крылов поэзиясының сыртқы түр көркемдігіне, бояу ажарында екінші бір шебердің қолы енді қайтып жаңадан айшықтап сала алмайтынын ұлттық қасиет – ерекшеліктері мол болғандықтан айтып отыр. Сондықтан Крылов мысалдарының түпнұсқасы мен аудармасын салыстырғанда, неғұрлым мазмұн, мағына дәлдігіне көбірек көңіл бөлінеді.

Бекет Өтетілеуовтің аудармаларының өзіндік көркемдік ерекшеліктері бар.

Бекет Өтетілеуов те , Абай Құнанбаев, өзінің замандасы С.Көбеев сияқты Крылов мысалдарын өлең етіп, он бір буынды қара өлеңмен аударды. Бірақ Б.Өтетілеуов сыртқы түр өзгешелігін сақтауда онша құнтамағанмен, біріншіден , Крылов мысалдарының ішкі мәнін, сатиралық - әжуалық қасиетін бұлжытпай беруді нысана етеді; екіншіден, ол қазақ оқушысына неғұрлым түсінікті, жатық аударма жасауды көздейді. Ол Крылов мысалдарының мазмұнын өзінше қайталап, еркін айтып кете бермей, түп нұсқаны темір қазық етіп ұстап, мысалдың негізгі сюжеті мен ой түйінін дұрыс айтып беруге тырысады. «Бүркіт пен өрмекші» мысал аудармасын түпнұсқасымен салыстырғанда, осыны көреміз.

За облака Орел

На верх Кавказских гор поднялся;

На кедре там столетнем сел

И зримым под собой пространством любовался.

Казалось, что оттоль он видел край земли:

Там реки по степям излучисто текли;

Здесь рощи и луга цвели

Во всем весением их уборе;

А там сердитое Каспийское море,

Как ворона крыло, чернелося вдали.

Жоғарылап шарыққа бүркіт шыға қалды,

Үстіне Қап тауының ұшып барды;

Жүз жылдық бір ағашқа қонды – дағы –

Шаттанып жан – жағына көзін салды.

Секілді жердің шеті көрінгендей;

Көрінді: өзен. Тоғай – бәрі бірдей.

Алыстан шырша ағаштар көкпеңбек боп,

Көрінді, сәуірдегі жазғы күндей.

Қарғаның қанатындай болып және,

Көрінді алыс теңіз зорға ғана.

Мұнда бейнелі сөздер, эпитет, теңеу – бәрі де түп нұсқаға үйлесімді, қалып қойғаны да, басы артығы да байқалмайды.

Қорытынды.

Өмір сырғанақ тепкен балаша жеңіл өтпейді. Адам оның қиыншылығын, таршылығын, кеңшілігін көріп өтеді. «Өмірлеріңде шамаларың келгенше жақсылық істеңдер. Жақсылық істей білген адам жаман болмайды», - дейді үлкендер.

Міне, мен қиыншылық кезеңде ұстаздық етіп , халқына игілікті іс тындырған ұлағатты ұстаз, ақын, аудармашы – Бекет Өтетілеуов туралы таныстырып отырмын. Алғаш рет Бекет Өтетілеуов туралы 2006 жылы Облыстық ақындар айтысында бұл кісінің төл әдебиетімізде айтылмай ұмыт бола бастағаны жайында естіген болатынмын. 2008 жылы 28 наурызда «Қостанай таңында» «Ыбырайдың ізбасары» атты ұлағатты – ұстаздың шәкірті жазған мақаласы да Бекет Өтетілеуов туралы ізденуге жол сілтеді.

Б. Өтетілеуовтің мұрасын жинауда, жұртшылыққа таныстыруда айтарлықтай еңбек сіңірген профессор Е. Ысмаилов болды. Ол 1940 жылы Б. Өтетілеуовке хат жазады. Онда: «Сіздер сияқты ақындардың еңбегін дұрыс бағаламай келдік. Бүгінгі гүлденген мәдениетіміз аспаннан түсе қалмағанын, ол сіздер сияқты жазушы, ақындардың ниет қылып, бастап кеткен мәдениеттің жалғасы екенін біз енді жақсы түсініп жатырмыз...

Қазақ халқын орыс мәдениетімен байланыстыруда айрықша еңбек сіңірген мәдениет қайраткерсіз, мұны біз аса жоғары бағалауға міндеттіміз», - деп жазады. Осыған қоса Ілияс Омаров ағамыздың мына айтқанына назар аударайықшы. Ол «Бекет Өтетілеуов туралы бір – екі сөз» деген мақаласында былай деп жазды: «Бекеттің өз шығармалары онша көп емес. Бірақ сол аздаған шығармаларының өзінен Бекеттің әлеуметтік көзқарас, ақындық қабілетін көре аламыз. Бекет мұнда ең алдымен, ағартушылығымен көзге түседі. Надандықты, бос байлыққа мастануды қатты түйреп, халықты білімге, мәдениетке шақырады».

Міне, Бекет Өтетілеуов осындай болған адам. Қазіргі таңда Қараоба мектебі Бекет Өтетілеуов атымен аталады. Бұл мектепке ақынның атын беруді ақынның шәкірттері: Қазақстан мемлекет және қоғам қайраткеріІлияс Омаров, академик – жазушы Ғабит Мүсірепов, Кеңе Одағының Африка елдеріндегі төтенше және өкілетті елшісі Мәлік Фазылов , филология ғылымдарының докторы Жұмағали Ысмағұлов, академик Өмірзақ Сұлтанғазин, Жазушы Жайсаңбек Молдағалиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері Асылхан Мүсәпіров сияқты ірі тұлғалар ұйғарды.

Ол Қазақ елінің тарихындағы қилы заманды бастан кешіре отырып, қырық жыл бойы қол үзбестен білім – ағарту саласында аянбай тер төкті, қазақтың талапты, дарынды ұл – қыздарын оқытты,, сауаттандырды, білімге құштарлықтарын аттырды. Бекет Өтетілеуовтің Қазақстанның оқу – ағарту ісін дамытуда қосқан үлесінің қаншалықты маңызды болғанын көпшілік қауымға таныстыруды алдыма мақсат еткен болатынмын.

Бекет Өтетілеуовтің есімін Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаев, Ш. Уалиханов, А. Байтұрсынов , М. Жұмабаев сынды қазақтың ірі тұлғалардың қатарына алтын әріппен жазса да артық болмайды деп білемін.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

«Ғабит Мүсірепов жоғары бағалаған ұстаз». «Қостанай таңы» 11 қараша – 2008 – 11 б.

Ғ. Мүсірепов. «Автобиографиялық әңгімесі» 1956 ж.

Т. Әбдірахманов «Жаңа Ғасыр көгінде» «Жазушы» баспасы, Алматы – 1969 ж.

Г. Әбдірахманов. Ж. Молдағалиев «Бекет Өтетілеуов шығармалары»

Алматы – 1961 ж. «Қазақ Мемлекеттік көркем әдебиет баспасы».56 – 123 б.

Б. Кенжебаев «ХХ ғасыр басындағы әдебиет» Алматы. «Білім» 1993 - 153 б.

И.А. Крылов. Басни. М, 1958 - 105 - 186 б.

Ыбырайдың ізбасары. «Қостанай таңы» 28 наурыз – 2008 – 4 б.

Ол үлкен мағынада ағартушы болған еді «Қостанай таңы» 26 қыркүйек – 2008 11 б.

Бекет Өтетілеуов кім болған? «Қостанай таңы» 11 қазан - 1999 - 4 б.

Т. Әбдірахманов «Таланттар тағылымы» (Ағартушы ақындар жайында) Алматы «Мектеп» 1988 ж.

«Қостанай таңы» «Ұстаздық өмір - ғабинет» 2 шілде - 1997- 3 б.

«Қостанай таңы» «Бекет Өтетілеу кім болған?» 11 қазан - 1999 - 4 б.

«Қостанай таңы» «Дүние ісі ахиретке кетпес» 16 желтоқсан - 1997- 3 б.

«Қостанай таңы» «Ағартушы Бекет Өтетілеуов» 22 шілде - 2003 – 3 б.

«Қостанай таңы» «Ел мен ұрпақ тағдырындағы уақыт сабақтастығы» 19 желтоқсан - 2008 - 12 бет.

«Ел мен ұрпақ тағдырындағы уақыт сабақтастығы» атты облыстық педагогикалық оқулардың материалдары 12 желтоқсан, 2008 ж. Қостанай қаласы.

Ш. Кәрібаев., С. Тілешова. 6 – сыныпқа арналған оқулық – хрестоматиясы. Алматы. «Рауан» 1998ж.

rss